М.Мақатаев – 91 жыл Қазақ поэзиясының символы

Мұқағали Мақатаев Алматыда өмір сүрген жылдарда өзіндік дара үнін, суреткерлік болмысын, дара қабілетін таныта білді. Ол алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары болды. Ол «Ильич», «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Ақынның 45 жылдық ғұмырында аударма саласында да еңбегі зор болды. Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін тәржімалаған ақынның кітаптары өмірден өткеннен кейін он мыңдаған данамен басылып шығып жатты. Ақын қай тақырыпты жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзден аулақ болды. Күні бүгінге дейін ақынның шығармашылығына деген қазақтың құрметі айрықша.
Ақын поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тербеді. Қаламгердің "Қош, махаббат" жинағына әр жылдары жазылған “Құлпытас”, “Марусяның тауы”, “Өзгермепті”, “Әже” әңгімелері, “Қос қарлығаш”, “Жыл құстары” повестері мен “Қош, махаббат” пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген.
Мұқағали Мақатаев дүниеден өткеннен кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады, оған ҚР Мемлекеттік сыйлық, “Ғасыр ақыны” атағы берілді, ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш те бар. Ақиық ақын өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов және де басқа сазгерлер ән жазды. 1999 жылы Мұқағалидің «Аманат» атты кітабы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Ол – қазақ поэзиясына қайталанбас туындыларымен, отты жырларымен келген, өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерген ақын. Ақынның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті. Мұқағали поэзиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен мәңгілікке орын алған.
Дайындаған К.Махсұт