Жыр жұлдызына арналған шара
Жақында аудандық орталық кітапханада "Парасат жолы" орталығында заңғар жазушы Зейнолла Шүкіровтің туғанына 95 жыл толуына орай "Жыр жұлдызы Зейнолла" тақырыбында әдеби подиум өткізілді.
Өз өлкемізден түлеп ұшқан ақын-жазушылар есімдері мен мұраларын ұрпақ санасына жаңғырту өлкетану бағытының негізгі мақсат-міндеті болып табылады. Осынау мақсат-міндетті негізге ала отырып, мерейтойлар өткізуде сол ақын жазушыға арналған құрмет қана емес, ақын мұраларын өз оқырманына дүркін-дүркін таныстыру, табыстыру болып табылады. Осы тұста кітапхана руханиятындағы ақынның бай мұралары терең жаңғыртылып, өлке тарихымызбен танысып-табысуда бұл бастаманы терең жаңғыртады. Зейнолла ақын атамыздың мерейтойына орай өткізілген кеш шымылдығын аудандық мәдениет үйінің әншісі Қарлығаш Аманова композитор Мұрат Сыдықовтың әніне жазылған ақынның «Сырдария» әнімен ашты.
Кеш тізгінін ұстаған кітапханашы Г. Шалманова оқырман қауымға ақынның өмір жолынан хабар беретін жаңа тың деректермен таныстырып өтті.
Шара төрінде орын алған қадірлі меймандар қатарында Арал ауданының құрметті азаматы, ақын, аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік төрағасы Ж.Жақып, аудандық мәдениет орталығының директоры М.Нұрмағанбетова ақын жайындағы өз етеліктерімен бөлісті.
Өзінің әсем даусымен танылған әнші Самал Дінжанова ақынның "қазақ вальсінің королі" атанған Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп жазған «Сыр сылуы» әуенін орындап, шара көркін қыздырды.
Сондай-ақ шара барысында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген «Жыр жұлдызы Зейнолла» оқуларына белсене қатысқан оқырмандар ақын жырларын ортаға салды. Шара қорытындысында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Ақылжанқызы Зейнолла оқулары бойынша өткізілген үздіктерді марапаттап, өз ризашылығын білдірді. № 2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірттері мен ұстаздары белсене қатысып, шара төрінде өткізілген маңызды мағлұматтар мен «Қайсар рухты ақын» тақырыбындағы кітап көрмесіндегі құнды құжаттармен танысты.
Ұлы есімдерді ұлықтау, ұрпақ санасында жаңғырту – кейінгі толқынның негізгі парызы. Ақын есімін ардақтап, ұлықтайтын ұлы шаралар жаңғыртыла бермек.
Шабыт берсе тымық түн жыр тудырып,
Қараған ақынына таң күліп те.
Бір жұлдыз боп жанған ол әдебиетте,
Бір жұлдыз боп қалады мәңгілікке.
Гүлбану КҮЛМАШОВА,
орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі