Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақын атындағы көшеде ақынның жары тұрады

Ақын атындағы көшеде ақынның жары тұрады

Бүгінде Арал қаласында Жарасқан Әбдірашев атында көше бар. Сол көшедегі еңселі үйде ақын Серік Сейітмағанбетовтің отбасы тұрады. Серік Сейітмағанбетов те ұзақ жылдар «Толқын» газетінде еңбек етті. «Ол нағыз ақын болды... Жан сарайы жылулыққа толы Серік Сейітмағанбетовті бүкіл ел төбесіне көтерді. Себебі ол бейкүнә баладай таза адам еді. Еш нәрсеге қызықпады, ешқайда ұмтылмады. Оның Алматысы да, Алатауы да айдынды Арал еді. Ал ол Аралды жұрттың бәрінен де жақсы көрді. Оның жүрегінен қасиетті қаны ғана емес, теңіздің тамшысы да төгіліп тұратын. Жамандықтан жиреніп, жағалаудан жанұшыра қашқан қарт теңізді жырлаудай-ақ жырлады» деп филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Омаров айтқан болатын.
Ақынның жары Күләй Шынназарова өткен күндер естелігінен былайша сыр шертеді:
– Жазушы Молдахмет Қаназов Секеңмен бір сыныпта оқыған ғой. Содан «Сережа» деп атап кеткен. Қызылордада Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Нәсіреддин Сералиев, Қомшабай Сүйенішев, Саид Баязитов, Жанұзақ Қожабергенов және өзге де қаламгер ағалары солай атап еркелеткен. Сол кездің өзінде достары көп болатын, өзі ешкімді жатсынбайтын. «Жақсыдан – шарапат» деген. Зейнолла ағамыздан көп жақсылық көрдік. Соңғы рет шаңырағымызға келгенде Зекеңнің «Ту сыртымда бір шаншу бар» дегені есімде. Ақын ағасы өмірден озғаннан соң-ақ Серіктің мазасы болмады. Бейсенбі болса "Зекеңе бағыштап күлше таратшы" деп отыратын. Ойланып-толғанып жүріп, «Зейнолла Шүкіровтің соңғы монологын» ақын ағаның өзі болып сөйлеп, ел-жұртына жеткізді. Айта берсем, шаңырағымызға келіп, дәм татып, Секеңмен сырлас болған қаламгерлер көп-ақ. Кешегі өткен Шөмішбай ақын да Аралға келген сапарларында сәлем беретін. Ал Жарасқан Әбдірашев 70 жылдардың ортасында жары Нәзікгүл екеуі келді. Ауылдарына барып, Алматыға қайтып бара жатқан беттері екен. Атына сай нәп-нәзік келіншегі жолдың ауырлығынан шаршаңқырап келгенін айтып, біраз демалды. Жарасқан көп сөзге жоқ болса да, Секең екеуінің әңгімесі түн ортасы ауғанша таусылмайтын.
Ол кезде балалар кішкентай. Солардың бабын жасап, кіріп-шығып жүргенде әңгімелерінің тек әдебиет жайында екенін құлағым шалады. Арасында екпіндете кезек-кезек өлеңдерін оқиды. Қайран, сол кездер-ай! Таңертең «Жеңеше, балығың керемет дәмді болыптты. Аузымыздан дәмі кетер емес. Алматыға қонаққа келіңіздер, күтіп аламыз» деп, рақметтерін айтып аттанған еді. Қайран, сол кездер-ай, деген Күләй апаның жан-жағы толған газет-журналдар.
Бүгінде Серік ақынның қызы Мәдина қаламгерлердің қара шаңырағы – «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етеді. «Қазақ әдебиетінің» өткендегі бір санына Жарасқанның ұлы Рүстемнің мақаласы шықты. Оқыған боларсыңдар. Тебірене жазылған естелігін ауық-ауық оқып отырмын. Әсерлі жазылған екен» дейді.
Күләй апаны Әбдірашев көшесінің тұрғындары ерекше құрметтейді. «Жақсы адамның аузынан нұр шашылады» дегендей, тек жақсы әңгімелерді ғана айтып, отырған жерінде Қалдыгүл көршісі: «Көшемізге Күләй апа қоныс тепкенде қатты қуандым. Ападан бәріміз үлгі аламыз. Үйге кірген адамға дәм татқызбай шығармайды. Әрбір сөзі бата секілді" дейді.

Лаура ӘЙТІМОВА 

10 наурыз 2021 ж. 1 119 0