Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел қадірлеген қаламгер

Ел қадірлеген қаламгер

Талай жанды толқынында тербеткен «Толқын» газеті биыл тоқсанның төріне шықты. Осы жылдар ішінде басылым беделі үшін бар ерік-жігерін аямаған жандар бүгінде ел қадірлеген қаламгерлер, қала берді, халқы құрмет тұтқан қазыналы жандар қатарына қосылды. Жарқ етіп жанып, мына жалғаннан құйрықты жұлдыздай ағып өткен азаматтар қаншама?! Сондай жандардың бірі – ақын, журналист Серік Сейітмағанбетов еді. Жар орта жасқа жеткенде ақирет дейтін ұлы мекенге бет бұрған сыршыл ақынның аудандық басылым тарихында қалдырған қолтаңбасы ерекше еді.
1940 жылы ауданға қарасты Бекбауыл станциясында жарық дүние есігін ашқан С.Сейітмағанбетовті бойындағы шабыт дейтін шалқар сезім шығармашылық ортаға алып келді. Адам бойын жыр орамдарымен баурап, сыршыл сезімнің шырмауына түсетін ақын жанының тым нәзік болатыны түсінікті ғой. Десе де бойындағы талантын тұншықтырмаған ол 1955 жылы ауыл мектебін бітірген соң, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, артынша 1962-1967 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқып бітіреді. Осылайша шығармашылыққа түбегейлі бет бұрған ақын 1969 жылдың шілде айынан өмірінің соңына дейін аудандық «Толқын» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып абыройлы еңбек етеді. Көптеген тақырыпқа қалам тербеген ол сыншыл да шебер, әрі ұстанымы берік журналист бола білді. Лирикаға жақын ақын өлеңдері қай кезде болмасын тыңдармандарының жүрегінен орын алды. Оның түрлі тақырыпқа арналған өлеңдері бір кітапқа жүк боларлық туындылар еді. Алайда ақынның мәнді де мағыналы келте ғұмыры сол туындыларын жыр жинағы етіп жарыққа шығаруға мүмкіндік бермеді. Десе де араға бірнеше жыл салып, ақын өмірден өткен соң, оның төл перзентіндей болған өлең-жырларын жинақтаған өнердегі әрі өмірдегі досы А.Қылышбайұлы «Арманым – асқарым» атты жыр жинағын жарыққа шығарды.
Ақынмен аудандық «Толқын» газетінде бірге қызметтес болған әріптесі, ардагер апамыз Ж.Барбосынова:
– Мен Серікпен көп жыл қызметтес болдым. Ол кезде «Толқын» газеті аптасына үш мәрте шығатын. Әріптесім Серік басылымда мәдениет бөлімін басқарды. Аудандағы көптеген салалар мен басшылықтарды сын садағына іліп, «Құрық» деген арнайы айдар арқылы саладағы кемшіліктерді көрсетіп отырушы еді. Ол қаншама қауырт жұмыстың басында жүрсе де, әріптестердің көңілін қалдырмайтын. Жүрегі кең, көңілі ашық азамат болатын. Жанынан жақсы әзілдері де қалмайтын. Әрқайсымызға арнап өлең шығаратын. Оның өмірден мезгілсіз өтіп кеткені бәрімізге де ауыр соққы болды. Көзі тірі болғанда, марқұм әріптес ағамыз 5 желтоқсанда 80 жастың төріне шығар еді, – деп еске алады.
Сыршыл ақынның артында өшпес мұраларынан бөлек, аяулы жары Күләй анамыз бен ізін жалғар ұл-қыздары қалды. Өзі өмірден өткенмен, оның естелік жырлары әлі де ақынды ортамызда жүргендей сезімге бөлейді. Оның тебірене толғаған өлеңдері жүректерден орын алып, өміршеңдігін жоғалтпаған. З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің өткізген «Қазына жыры мұра боп қалды біздерге» атты С.Сейітмағанбетовті еске алу кешінде қызы Анар әке мен бала арасындағы жылылықты тебіреніспен жеткізген.
– Көзді ашып-жұмғанша әкеміздің өмірден озғанына да 30 жылдай уақыт болыпты. Алайда әкеміздің күлімдеген жылы жүзі мен айтқан ақыл-кеңестерін сағынышпен жиі еске алып отырамыз. 15 жасымда студент атанып, әкем екеуміз Қызылорда шаһарынан түнгі шамы жарқыраған Аралыма жақындағанда өз қуанышын:
Ассалаумағалейкум, Аралым,
Келді, міне, Анарың, – деп туған жерін мақтаныш сезіммен жырға қосып, сүйінші сұраған сәті әлі есімде. Әр баласының кішкентай ғана жетістігін елеусіз қалдырмай, ізгі тілектері жазылған ашық хаттарын сыйға тартатын. Мереке сайын әрбірімізге өлең арнайтын. Үйге қонақ келген сайын көңіліміз көтеріліп, әкеміздің қара чемоданнан өлең жинақтарын шығарып оқып беретін сәттері есімізде жатталып қалыпты. Әкеміз өте бауырмал адам еді. Қолынан келсе жақын демей, жат демей жақсылық жасауға ұмтылатын. Осындай өнегелі өмірі бізге үлгі боп қалған асқар тауымыздың біз үшін орны ерекше болды. Марқұм әкемізді ешқашан ұмытпаймыз, – деп әке туралы естелік сырларымен бөліскен Анар Серікқызы.
Иә, «Жақсы адам – жұрттың ырысы» дегендей, халқымызда алтынның сынығындай болған жандар жетерлік. Міне, сондай арда азаматтардың қатарынан саналған кейіпкеріміз Серік Сейітмағанбетов арамызда болса, бүгін 80 жастың сеңгіріне аяқ басар еді. Ардагер журналист, қаламы қарымды қаламгер, адуынды ақын ағамыздың ендігі жерде отбасы мен ұрпағына амандық берсін дейміз.
А.Бисенов 
05 желтоқсан 2020 ж. 638 0