Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы қария, ақылы – кең, дария

Қазыналы қария, ақылы – кең, дария

Әр елдің құрметтейтін қадірлісі, арқа сүйер ардақтысы болады. Пайғамбар жастан өтіп, пәтуалы сөз, салмақты ой айтатын ел ағаларының қатары қазірдің өзінде сиреп барады. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған сондай жандардың ақылкеңесі қазіргі қоғамға керек-ақ. Ал ондай дәрежеге екінің бірі жете қоймайтыны белгілі. Ол адамның өмір белесінде жүріп өткен айшықты жолы, салмақты ой айта білуіне де байланысты. Міне, мұндай жандар бүгінде саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – жақында ғана сексеннің сеңгіріне шығып, қарттықтың тағы бір белесіне аяқ басқан Арал ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Дәуренбекұлы Айбосынов.
Алтынбек Бисенов

Сонау 1939 жылдың қоңыр күзінде ауданға қарасты Қазақстан колхозында жарық дүние есігін ашқан кейіпкеріміз өмірден алған тәлімтәжірибесінің арқасында ауданның көшін алға сүйрейтін бірнеше буын қалыптастырды. Қазіргі елге қызмет етіп жүрген аға буын өкілдерінің дені осы кісінің мектебінен өтті десек артық айтпаған болармыз. Ғұмырының мағыналы кезеңдерін басшылық қызметтерге арнап, қызмет еткен жылдары жақсы жетістіктерге қол жеткізген жанның тәлімінен сабақ алған қаншама қызметкер бүгінде аудан экономикасының қарқынды дамуына айрықша үлес қосып келеді. Өмірі өнеге мен тәжірибеге толы Кішкене Дәуренбекұлы 1947 жылдан бастап 10 жыл №47 Сексеуіл кентіндегі теміржол мектебінде оқыды. Оны бітірген соң, Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетіне түсіп, 1962 жылы математик-программист мамандығы бойынша бітірген. Міне, содан кейін еңбек жолын СССР Қорғаныс министрлігіне қарасты полигонда инженер-программист болып бастаған ол, қаншама жыл басшылық қызметтерді атқарып, абырой биігінен көріне білді. Арал аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Алматы жоғарғы партия мектебінде тыңдаушы, Арал аудандық партия комитетінің партия комиссиясының төрағасы, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, «Жіңішкеқұм» совхозының директоры, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, «Баршақұм» ауылшаруашылығы АҚ президенті, аудандық «Алым жинау орталығының» директоры сынды салмақты әрі жауапты қызметтерді бір жылдары кейіпкеріміз Кішкене Айбосыновтай батыл әрі білікті маман атқарғаны аудан тарихынан белгілі. Ол қызмет еткен жылдар заманның қиын, заңның қателіктерді кешірмейтін өте қатал кезеңдері еді. Артық пайда мен өктем бұйрықтар, заңсыз әрекеттер мен босаңсуға жол берілмейтін сол кезеңде басшылық қызметтерді абыроймен атқара білген кейіпкеріміз осы кезге дейін өзінің ізінен ерген іні-қарындастарына ақылшы болып келеді. Иә, диірмен тасындай дөңгеленген дүние тек қана сайдың тасындай іріктелген тұлғаларды ғана тарих сахнасына шығарады. Мейлі ол ақын болсын, мейлі жазушы болсын, тіпті қарапайым еңбек адамы болса да, қоғамға қосқан үлесіне сай белгілі бір биікке көтеріліп, құрмет төрінен табылып жатады. Міне, біз әңгімемізге арқау еткен К.Дәуренбекұлы қатардағы қызметкерден бастап, басшылық сатыға өз еңбегімен, қызметіне адал жан ретінде көтеріліп отыр. Сондықтан бұл кісі жайында білетіндердің де бағасы басқалардан биік. Сонау 1965-1992 жылдар аралығында қызметпен қатар халық депутаттарының Арал аудандық кеңесінің депутаты болған ол қоғам үшін маңызды талай түйткілді мәселелерді биік мінберлерде көтере білді. 1965-1972 жылдары, 1976-1991 жылдар аралығында Арал аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болғаны тағы бар. Мұндай мандаттарды жеке басының қамы үшін емес, қоғамның кемшін тұстарын көтеруге ұтқыр пайдалана білген білікті басшы күні бүгінге дейін халық пен биліктен лайықты бағасын алып келеді. Қаншама жыл қоғам игілігі үшін қызмет етіп, жауапты саланың жанашырына айналған жандар жайында көптеген естелік айтуға болады. Себебі олардың жүріп өткен өмір жолы және қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметі бір кітапқа жүк боларлықтай. Осы тұста кейіпкерімізбен талай жыл қызметтес болып, ұзақ жыл бір саланың қазанында қайнаған алдыңғы аға буыннан пікір алғанды жөн көрдік. Олардың өзі зейнет жасына жеткен қазыналы қариялар. Ал қазіргі қызметте жүрген ел азаматтары ол кісінің өміріне қарап тамсанады, ізін жалғап, халқына адал қызмет етуге асығады. К.Айбосынов Арал аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған кезден бастап, 1990 жылдарға дейін бірге қызметтес болып, бір кеңседе отырған зейнеткер А.Дәрібаев ағамыз ол кісі жайында біршама естелік әңгімелер айтты. Ол кезде А.Дәрібаев аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған. Талай жыл әріптес болып, бірге жауапты саланың жүгін арқалаған А.Дәрібев: – Ол кісімен арамызда 2-3 жас айырмашылық бар. Қазақта «үш жас мұңдас» деген сөз бар ғой. Біз бір қызметте болған соң жас айырмашылығымызды ескермедік. Көбіне елгезектігі мен қырағылығы қатар жүретін Кішкене ағамыз санасу дегенді білмеді. Жалпы, ол кездің адамдарының барлығына құдай үйіп-төгіп дарқан көңіл мен кең пейілді берген ғой. Біздің үйіміз де, кеңсеміз де келемін деген жанға ашық болатын. Біз жас болдық. Қызметте жүріп кемшіліктерге де жол беріп жататын кезіміз болады. Сондай кезде ағалық қамқорлығын көрсетіп, қанатының астына алатыны біздің жадымыздан өшкен жоқ. Жалпы, мен тарапымнан ол кісі жайында не айтсам да жарасады. Себебі халыққа адал қызмет етуде өз басым К.Айбосынов ағамыздың көптеген жақсылығын көрдім. Ол кісі ауданда беделі бар, абыройлы азаматтар қатарында. Ауданға қоғамда беделі бар, атағы республиканы былай қойғанда, бүкіл ТМД мемлекеттеріне мәлім БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Евгений Тяжельников, Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосов, облыстық партия комитетінің хатшысы Қаржау Жарқынбеков сынды ел білетін азаматтар ауданға келіп, кеме жөндеу зауыты, Барсакелмес қорығында болып, комсомол ұйымдарының жұмысымен танысты. Міне, сол кезде мәртебелі меймандарды күтіп, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайымен жете танысуға мүмкіндік жасап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған азаматтар қатарында К.Айбосынов ағамыз болды. Қанша жерден қонақжай халық болсақ та, мұндай елге белгілі азаматтарды күтіп, оларға қызмет қылу үлкен абырой ғой. Бұл жұмыстарды мүлтіксіз атқару тұрғысында Кішкене Дәуренбекұлына өз басым ешқандай сын таға алмаймын. Ол сонысымен де өз ортасында, жалпы ауданда беделді болды. Талай жанмен қызметтес болса да, жақсылық жасағанды ешқашан ұмытпайтын. Әлі де солай, – дейді. Қоғам құрметтеп, халқы қадірлеген жанның бұл кезге дейін ие болған марапаттары мен жеткен жетістіктері баршылық. Ол сондай дәрежеге адал еңбегінің арқасында жетіп отыр. Демек соған лайық. Қызметте жүріп алғаш алған марапаттардың бірі – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы. Оны туған елінде жүріп, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезде 1968 жылы алған. Осылай басталған марапаттар тізбегі жалғаса береді. Кейін БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамоталары, БЛКЖО-ның XVI съезінің делегаты, Қазақ ССР-ның 50 жылдығы құрметіне арналған төсбелгі, СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбек озаты» және «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдары бүгінде еңбек адамын абырой биігіне көтерді. Мұнан бөлек, халық депутаттары облыстық кеңесінің грамотасы, Қазақ ССР Халықтық бақылау комитетінің, облыс әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталары, Арал ауданының құрметті азаматы тәрізді атақтары бүгінде ел үшін еңбек еткен қазыналы қарттың мерейін тасытып отыр. Ал ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісін» алғаны өз алдына бөлек, мақтан етіп айтуға тұрарлық жетістік. Одан басқа «Астана қаласының 20 жылдығы» медалімен марапатталған. Осыншама жасқа жетсе де, қоғам тынысынан қол үзбеген ол 2008 жылдан бері Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келеді. Осы жылдар ішінде қазыналы қария ретінде көптеген мәдени-рухани шараларда бой көрсетіп, қоғамға белгілі азаматтар жөнінде есті әңгімелерден естелік айтып жүр. Жастарға да өзінің ағалық, аталық ақылын айтып, өзінің парасат-пайымын байқатып келеді. Ол кісінің тәлімінен дәріс алып, бүгінде елге қызмет етіп келе жатқан кейінгі буын қашанда қадірлі қарияға деген құрметтерін аяған емес. Ақылман қария, көңілі дария жанның көкірек тұсына қатталған кесек ойлы хаттары кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Біз кейіпкеріміз К.Дәуренбекұлымен тілдесу барысында осыны ұғындық. Ал ол кісінің жанында жүріп, ізіне ерген інілерінің де айтар ойы осыған саяды. «Ақылды қария, ағынды дария» деген теңеу кейде жасы жетпістен асқан жандардың деніне қолданылып жатады. Мұндай теңеуге лайықты жандар қатары сиреп барады. Алла өмір берсе, қайсыбір жан болмасын қарттықтың ауылына ат басын бұрады. Сол кезеңге жеткенше бейнеттің бел ортасында болып, ел үшін, қоғам үшін қолтаңба қалдыра білген жандардың өмірі құрметке лайық. Мұндай ақылман қарияның өмір таразысы қашанда қазынаға бай келеді. Біз биыл сексеннің сеңгіріне шыққан қазыналы жанның қоғам тынысымен біте қайнасқан өмірін басқалардан биік қоямыз. Ол соған лайықты жан.
30 қараша 2019 ж. 1 565 0