Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 160 өлең жадында

160 өлең жадында

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен өмірлік мәні бар философиялық ой толғамдары санаға сәуле құяр шығармалар. Өмірдің шындығын қатаң сынға алған ақын әр кезде адамзат баласын жақсылыққа шақырады. Бүгінде ақынның 175 жылдығы ел көлемінде тойлануда. Бұл – ақынның даралығы мен даналығын танытып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Абай жырларын жанына серік еткен дарынды оқушылардың бірі Гүлзат Кеңесова бүгінгі әңгімеге арқау болмақ.
Гүлзат Мергенсай ауылындағы №58 мектептің 11сыныбында оқиды. Ол жастайынан ақынның жақұт жырымен сусындап өсті. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ ақынның өлеңдерін жаттай бастады. Баланың алғырлығын байқаған ұстаздары да оған қолдау көрсетіп, шыңдай түсті.
– Абай ақынның өлеңдерін жаттау арқылы мен өзімнің ақыл-санамды толықтырдым деп айтсам болады. Ылғи да жақсылыққа үндеп, жамандықтан аулақ болуға шақыратын ақын жырында адам бойындағы қасиеттерді дөп басып айтады. Дүниедегі пасық пиғылдарды астарлы түрде жеткізді. Қашанда жақсылықтың жеңіп шығатынын үндейтін ақын жырлары біз секілді өскелең ұрпақ үшін мол рухани қазына, – дейді Гүлзат.
Гүлзат Абай ақынның 160 өлеңін жатқа біледі. Ол ылғи достары мен сыныптастарына үлгі болып, ақын шығармашылығына жақын болуға шақырып келеді. Жетекшісі Ақгүл Аққалиева да Гүлзаттың жыр жаттауға деген қабілетін ерекше аңғарып, оған ылғи да қолдау көрсетіп, өзінің бос уақытын арнап жүр.
– Менің ақын Абайдың өлеңдеріне құмар болуым біріншіден, ақынның жырларындағы ерекше үндестік болса, екіншіден,  жетекшім Ақгүл апайым. Ол қай кезде болмасын маған қолдау көрсетіп, өзінің барлық бос уақытын арнады. Түрлі жарыстарға дайындады. Менің бүгінгі жетістігімде ұстазымның үлесі зор, –  дейді ол.
Оқуда озат Гүлзат Кеңесова алдағы оқу жылында мектеп бітіреді. «Алтын белгіден» үмітті оқушының мектеп қабырғасында жеткен жетістіктері баршылық. Талай облыстық, аудандық, республикалық білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Дарынды оқушы өзінің осындай көпке үлгілі болуының себебін тәрбиелік мәні бар Абай ақынның шығармашылығымен байланыстырады.
– Дүниеде оқу оқып, білім алған жанның өмірі  жарқын, болашағы даңғыл болатындығын ақын жырына қосып отырады. Ал білімсіз дүние қуып, мал табуды көздеген надан адам қандай биікке шықса да, ол тұғырында ұзақ тұра алмайтындығын өз заманындағы ащы шындықпен суреттеп көрсетеді. Абай өмір сүрген дәуіріндегі надандықпен күресіп қана қойған жоқ, кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні бар өлеңдері арқылы мұра етіп қалдырды, – дейді Гүлзат.
Ақын жырларымен сусындап жүрген жастар аз емес. Солардың бәрі де тек жанын жақсылыққа бағыттаған. Гүлзат та қатарластары арасында дараланған оқушы. Ақын мұрасы оның ақылы мен санасын есейтті, жетістікке жетеледі. Әрбір өлеңіне өзінше өң беріп, терең мағына сыйғызған ақынның жыры оны сүйіп оқитын шәкірттері барда ешқашан өшпек емес. Қайта жыл өткен сайын Абай әлеміне бет алып, жырларын жанына серік еткен жастардың қатары артып келеді. Бұл ақынның әдеби мұрасының мәңгілік екендігін танытса керек.
11 тамыз 2020 ж. 755 0