Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Хәкім жырына құмар қыз

Хәкім жырына құмар қыз

Биыл жыл мерейлі белес­тер тұрғысынан ұлт ұстазы Әбу-Насыр-әл Фараби мен  ұлы тұлға Абай Құнанбайұлын  ұлықтау жылы деп жарияланды. Абайдың 175 жылдығы аясында ақын мұрасын насихаттау тұрғысынан ел аумағында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. 
Назерке Бақыран

Абай ұрпағына өлмейтін қазына қалдырды. Оның өлеңдері мен қара сөздері, ән, күйлері арқылы қазақ деген халықтың қандай дана екендігін бүкіл әлем таныды. Әсіресе жас жеткіншектердің Абай өлеңдерін жатқа білуі көңіл қуантады. Қосжар ауылындағы №67 орта мектептің 9 сынып оқушысы Меруерт Ержанова ақынның 270 өлеңін жатқа біледі.
Ерекше дарынымен танылған шәкірт соңғы 3 айда 270 өлеңді жаттап үлгерген. Бірнеше байқауға да қатысып, жүлделі орындарды еншіледі. Меруерттен қысқа уақытта осынша жыр жолын жаттап алуының сырын сұрағанымызда:
– Мен көбіне таңғы уақытта жаттағанды жақсы көремін. Таңғы бесте тұрып қолыма ақынның кітабын алып, бір сағат уақытымды жаттауға арнаймын. Бұл кезде адамның миы сергіп тұрғандықтан тез қабылдайды. Сондай-ақ сабақтан тыс уақытта жетекші мұғалімім Зейілімхан Серікбаева маған арнайы уақыт бөліп дайындап келеді , – деді.
Меруерт мектеп табалдырығын аттаған шақтан бастап өзінің ерекше қабілетті екендігін танытып келеді. Мектепте озат оқушы. Жанына жақын қазақ әдебиетін сүйіп оқиды. Кейде қалам тербеп, жыр жазатыны да бар. Меруерттің айтуынша, Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін жаттау арқылы өзінің адамдық болмысын да қалыптастырған.
– Ақын заманының шындығын бүкпесіз жазған. Әсіресе біз сияқты оң-солын енді танып келе жатқан жастарға жамандықтан алыс, жақсылыққа жақын болуды үндейді. Мен де өз ортамда, достарымның арасында Абайдың даналық сөздерінен мысалдар келтіріп отырамын. Бүгінде біз ақынның әдеби мұрасымен толық танысып жатырмыз, – дейді.
Ақынның төл туындылары әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Сол арқылы әлем халықтары қазақтың ұлттық құндылықтарын танып келеді. Меруерт те Абайдың өлеңдерін жаттау арқылы білімін, білігін жетілдіре түскендігін айтты. Ол өткен жылы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының қазақстандық жас патриоттар академиясына қабылданды. Сондай-ақ «Жеті өнер» III халықаралық балалар мен жастар  шығармашылық фестиваль конкурсында «Жас қаламгер» номинациясы бойынша бас жүлде, облыстық «Фариза оқулары» көркемсөз байқауында II орынды, «Зерде» республикалық ғылыми жоба конкурсында II орынды және  «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми жоба конкурсында II орынды еншіледі. Ал осы жылы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында  өткен «Өлең – сөздің патшасы...» атты мәнерлеп оқу сайысында I  орынды алды.
Меруерт өз болашағын шығармашылықпен байланыстырған. Ойдағы мамандығы – журналист болу. Келешегі жарқын жастың бағындырар белесі әлі алда.
08 наурыз 2020 ж. 1 133 0