"Толқында туған ақын"
Жақында ақиық ақын Зейнолла Шүкіровтің туғанына 95 жыл толуына орай қаладағы №3 кітапхананың ұйымдастыруымен «Толқында туған ақын» атты әдеби әуенді кеш ұйымдастырылды.
Кештің негізгі мақсаты – жас оқырмандарға Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығын таныстыру, насихаттау, қатал тағдыр тәлкегін жеңе білген қайсарлығын үлгі тұту. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысып, кітапханашы Дина Орынбасарова ақынның өмір жолымен, шығармаларымен таныстырды. Соған сәйкес шара барысында кітапхана меңгерушісі Ақгүл Нағашыбаева:
–Қазақ әдебиетінің қорына көптеген дүниелер қосқан ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған әңгімелер мен естеліктер көп. Поэзиялық, әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген тума таланттың еңбегін жұртшылық әркез жоғары бағалайды. Сонымен бірге жазушы көркем аудармамен де айналысып, елге танылды. «Қазақ Островскийі» атанған қазақ халқының біртуар ұлының тағдыры, оның бала күнінен төсекке таңылса да, өмірге құштарлығы, қайсарлығы, көрегенділігімен, ойшыл таланттың өмір жолы әрбір өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге болады, – деп талантымен дараланған тұлғаның өміріне кеңінен тоқталды.
Оқырмандар өзара пікірлесу барысында «Жас жесір», «Қиын түйін» сияқты бүгінгі замандастар келбетін ашатын, мән-мағынасы зор шығарманың жастарға берер тәрбиелік мәні зор екені де сөз етті.
Кеш оқырмандары Б.Берікұлы «Дала», А.Қайыпова «Қара бұрым», А.Нұрланқызы «Теңізге», ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Кеш соңында кітапханашы Б.Әбілдаева «Теңіздей тебіренген талант» атты кітап көрмесіне шолу жасады.
К. ӨТЕПБЕРГЕН