Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұмнан шыққан қаламгер

Қарақұмнан шыққан қаламгер

Жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, жазушы Қази Данабаевтың 70 жылдығына орай «Қарақұмның қара нары» атты еске алу кеші болып өтті. Шараға Арал индустриалды-техникалық колледжінің студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты. Мақсаты –ұлттық болмысты бойына дарытқан болып танылатын Қази ағаның шығармаларының балаларға берер тәрбиелік мәні өте зор екенін түсіндіру.
Кітапхана меңгерушісі А.Нағашыбаева марқұм Қази Данабаевтың журналистік еңбегі, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, азаматтық болмысы туралы сөз сабақтады.
– Қази Данабаев 1951 жылы 8 наурызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылында дүниеге келді. Әдебиет әлеміне деген құштарлығы ақын ағаның Қызылорда қаласына қоныс аударуына себеп болды. "О, менің кіп-кішкентай Қарақұмым, Өзіңде өтті менің бала күнім”, – деген алғашқы өлеңдерін мектептегі оқушы кезінен жаза бастаған. Ақын аға өлең дәптерін "Ақ кептер” деп атаған. Алғашқы өлеңдері "Балдырған” журналына басылған. Ақын Оспанхан Әубәкіров бала ақынға ақыл-кеңесін айтып, құм ішіндегі Қарақұмға хат жолдаған. Сөйтіп балалық шақта арманы орындалып, ақын болды. Ақын ағаның соңғы жылдардағы өлеңдерінің бірі – "Сен аман бол, Қазақстан” деп аталады. Бұл өлеңге сазгер Елена Әбдіхалықова ән жазып, өзі орындап жүр. Қази аға кейін әңгіме, хикаят, повестер жазған. Шығармалары республикалық бәйгеде жүлделерге ие болған. Сонымен қатар ел тарихы жайлы ауқымды мәселелерді көтерген, – деді ол.
Шара соңында кітапханашы Б.Әбілдаева «Қазидың қайсар қаламы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге журналистің қаламынан туған шығармалары, жазушы туралы ақын-жазушылардың еңбектері, баспасөз беттеріне жарияланған мақалалары, фотосуреттері қойылды.
Бейбіткүл ӘБӘЛДАЕВА,
№3 кітапхананың кітапханашысы
06 наурыз 2021 ж. 1 092 0