Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Поэзия падишасы

Поэзия падишасы

Жақында қаладағы №3 кітапханада қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан қазақтың ерке, ақын қызы Фариза Оңғарсынованың 80 жасқа толуына орай конференция өтті. Мақсаты – поэзия патшайымы Қазақстанның халық жазушысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың өнегелі өмір жолын, өнерін, өр мінезін, асқақ рухын өнегелі ұрпаққа насихаттау. Сонымен бірге шарада халық жазушысының «Дауа» атты жыр жинағының мазмұны талқыланды. 
Ол 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы Новобогат ауданының Манаш ауылында дүниеге келген еді. Ақын – туған елін өз жырларына қосып, әр қазақтың жүрегіне салмақты ой сала білген, қайталанбас дарын иесі. Жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген Атыраудың ақын қызының әрбір жыр шумағы жүрек түкпірінен орын алады. Жаны жасандылыққа қарсы ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдебиет әлеміне жол салды. Алған қаншама марапаттарынан бөлек, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты да болып ел құрметіне бөленді. Бүгінде ақынның артында талай ұрпаққа сый болып өшпес мұра қалды.
Шараға қатысқан Арал индустриалды техникалық колледжінің ұстазы Жамал Қанатбаева:
 Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы оның жүрегінен шыққан поэзиясы болғанын көреміз.  Ол – жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық сияқты адамгершілік қасиеттің асқар биігінен көрінген ақын. Фариза жырлары кейінгі ұрпақты ар-намысқа, ерлікке, нәзіктікке, ананы, әкені, туған жер, адамзатты сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті. Оның өлеңдері арқылы күш алып болашаққа нық сеніммен аттанған бүгінгі ұрпағымыз Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы алдында тағзым етеді, – деп ақынның адами қасиеттеріне тоқталды.
Шараға  қаладағы Арал индустриалды техникалық колледжі оқу орталығының ұстаздары Қ.Бәйменов, Е.Күнжанов, Ж.Қанатбаева, Н.Нұрманов және осы орталықтың бір топ студенттері  қатысты. Кеш соңында ақын жырларынан өлеңдер оқылды.
А. Ержетқызы,
№3 кітапхана меңгерушісі
  
23 желтоқсан 2019 ж. 908 0