Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шөмішбай Сариевтің өмірбаяны

Шөмішбай Сариевтің өмірбаяны

Барша жұртқа сазгер, әрі зерттеуші ретінде танымал қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медаль, «Платина тарлан», «Жыл адамы», «Алтын адам» сыйлықтарының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, Шөмішбай Сариев 1946 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Ақынның туған жері Шөміш станциясы. Ал өскен жері Қамбаш көлі. Алғашқы өлеңдерін теңіздің жағасында құмда жазған ақынның балалық арманы ақын болу болмаған.Арал теңізінің перзенті болғандықтан бала кезінде капитан, матрос, теңізші болам деп, жүрегімен сол теңіздің перзенті болғысы келіп, кеменің оқуын оқыды. Дегенмен, толқында туып, теңізде тербеліп өскен бала Шөмішбайдың теңізші боламын деген арманы балалықтың бал құшағында қалды. Ол уақытта өзі тізгіндеген кеменің ізі теңіз бетінде өлең болып өріліп жатқан еді.
Кейін Алматыға келіп, әсем қаланы көріп, аралаған ақынға алып қаламыз жұмақтай болып көрінеді. Теңіз бен құмның арасында өскен бала мынадай ғажайып жерді бірінші рет көріп, қатты әсер алады. Сөйтіп, ақын талай жүректің іңкәрі болған, бірде сыр болып ағытылып, бірде жыр болып төгілген исі қазақтың тербетілген алтын бесігі Алматыға арнап «Алматы менің ұлы махаббатым» өлеңін жазады.
Алматы көптеген адамның жастық шағы өткен сағынышына айналған қала. Шөмішбай аға әсем қала Алматыға арнап 100 шақты өлең жазды. Солардың ішінде, көптің көңілдегісін дөп басқан Бағдат Сәмединованың орындауындағы «Өзің куә, Алматым» әні әлі күнге тыңдаушысын жалықтырған емес.
Ақын, аудармашы Шөмішбай Сариевтің есімі қазақ қазақ әдебиетіне әлдеқашан алтын әріппен жазылды. Алғаш поэзия әлеміне «Балдәурен» тәй-тәй басқан ақынның қазіргі күні 30-ға жуық кітабы жарық көрді. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдеп томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән-өлеңдері жеке жинақ болып басылды. Оның тұңғыш қалам тартқан тақырыбы аудандық «Толқын» газетінде жарияланған «Ана туралы жыры».
Шөмішбай Нағашыбайұлы осы күнге дейін 500-ге жуық әнге сөз жазып, халықтың көңілінен шығатын көптеген әндерді сахна төрінен қалықтатты. Сондай-ақ, Нұрлан Өнербаев орындауында ел жадында сақталған «Қарағым-ай» әнінің сөзі Шөмішбай ағаның қаламынан төгілген еді. Ал Шөмішбай Сариев сөзін жазған «Айналдым сенен атамекен-ай» әні Роза Рымбаеваның бағын ашты, абыройын асқақтатты.
Кісі баласымен тез тіл табысқыш ақын Медеу Арынбаев, Бүркіт, Қайрат Нұртаспен де шығармашылық бірлестікте ән жазды. Шөмішбай ақын әлемдік масштабтағы поэзия әлеміне жас күнінен түрен салды. Өлеңдегі сөз құдіретіне бір адамдай қанықты. Ол шетелдік ақындардың, соның ішінде Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску және тағы басқаларының ақындардың да туындыларын қазақ тіліне аударып, халыққа ұсынды.
Шөмішбай Сариев қазақтың қайсар қаламгері, ұстазы Зейнолла Шүкіровтың ағалық кеңесімен 1966 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Ол уақытта университет жанынан құрылған әдеби бірлестікте 1-5 курс студенттерінің арасында дәстүрлі поэзия кеші өтетін. Сол жылы оқуға қабылданған 25 баланың барлығы дерлік бірінен-бірі озған асау шабытты ақындар болып шығады. Солардың қатарынан өлеңі өзгеше өрілген Шөмішбайдың аты оза шабады. Бірде оған белгілі жазушы, көрнекті ақын Рафаэл Ниязбеков хабарласып, Ленин туралы өлең жазуға тапсырыс береді. Сөйтіп, жаңа туынды қазақ радиосынан таратылып, Шөмішбай Сариев ақын ретінде көпшілікке таныла бастайды.
101 өлең жазсам да, бір өлең үшін күрестім дейтін ақын өлеңінің құдыреті оны халқына осылай танытты. Бозбала күнінде-ақ ұлылардың қатарына қосты.
Кеңес үкіметі кезінде 15 республиканы аралаған ақын кезінде шетелге барамын деп ойламаған да екен. Себебі, ол кезде Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменов секілді тек орысша жазатын ақындардың ғана шетелге баруға мүмкіндігі болған. Ал қазақ ақындары шетелге бармаған. Сонда Шөмішбай ақын өмірі шетел көрмей кетеміз деп ойлаған екен. Дегенмен, Тәңір қолдап, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алды. Ұлы арман, ата-бабалардың арманы болған ұлттық тәуелсіздік барша қазақстандықтарға» жарқын болашақ» деген есікті айқара ашты.
Шөмішбай Сариев аға буынды ақындардан көп нәрсе үйренді. Өзіне ұстаз болған Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзаәлиев, Сырбай Мәуленов сынды ақындардың тәжірибелерін үйрене отырып, поэзияда өзінше жол жасады.
Ол Карпов чемпион болған кезде оған арнап «Шахмат заңы» деген өлең жазады. Бір күні шахматқа қарап отырған ақын оны мемлекет ретінде сипаттайды. Патша, перзия, ладия, ат бәрі оған мемлекеттік құрылымды көрсетті. Осылайша, ладьяны тура жолмен жүретін өнер адамдары деп алады. Ал атты КГБ адамдары ретінде көрсетеді. Сөйтіп, оның жазған осы өлеңі ақын-жазушылардың алдында кереметтей мақталып, бағаланады. Сондай-ақ, «Мен ағыспын, ағысқа қарсы ағатын» деген және тағы басқа өлеңдері де мақталып, марапатталды. Кейін Нұрғиса Тілендиевтің өтінішімен «Ән жүрегім, жан жарым» деген өлең жазады.
Ал Астана қаласының ресми тұсаукесеріне ресейлік «На-на» тобы арнайы шақыртумен келгенде Шөмішбай Сариев жазған белгілі «Боз жорға» әнін қазақ сахнасындай орындайды. Сол кезде топтың продюсері Бари Алибасов репертуарына қазақ тілінде ән іздейді. Осы мақсатпен Шөмішбай Сариевқа хабарласады.
Алғаш орталық телевизиядан бағдарлама түрінде эфирге шыққан «Тамаша» ойын-сауын отанына режиссер Ұлықпан Есеннің шақыртуымен келіп, сценарий жазады. Тамашаның түп қазығын қадаған қазақтардың бірі Шөмішбай Сариев екенін бірі білсе, біреуі білмейді. Осылайша, Шөмішбай ағамыз 10 жыл бойы «Тамаша» ойын-сауын отанына сценарий жазған.
Шөмішбай ақынның аты атала қалса халықтың елең ете қалуы тегін емес. Оның ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әр қазақтың жүрегінен орын алған «Домбыра», «Сәлем саған туған ел», «Айналдым сенен, атаменке-ай» сынды ән-өлеңдері иісі қазақ жұртының әнұранына айналған.
Ақынның алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрді. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. Алғаш поэзия әлеміне «Балдәурен» өлеңімен қадам басқан қаламгер бүгінде үлкен ақын. Өлеңдерімен барша қазақтың жүрегін тебіренткен Шөмішбай Сариев атақ, абыройдан да құр алақан емес. Ол 2003 Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты және 2004 жылы «Тарлан» сыйлығының иегері, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.
Stan.kz
23 қараша 2018 ж. 2 384 0