Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мағжан Жұмабаевпен айдауда бірге болған торғайлық Файзолла ақынның өлеңдері табылды

Мағжан Жұмабаевпен айдауда бірге болған торғайлық Файзолла ақынның өлеңдері табылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Тобыл-Торғай ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі - Файзолла Сатыбалдыұлының еш жерде жарық көрмеген шығармалары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Файзолла ақынның бұрын жарияланбаған үш дастаны және тағы біршама өлеңдерін Амангелді ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Қанен Қоржынұлы жазып алған. Қанен Қоржынұлы - Файзолла Сатыбалдыұлының өлеңдерін ең алғаш аударып, ел аузындағы әңгімелерді жазып алып, қағаз бетіне түсірген кісілердің бірі. Қолжазбаны оның ұлы Мырзабек ақсақал тауып алған. Ол кісі қазір осы Қарасу ауылында тұрады. Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаевтың сөзінше, Қанен - өзі де ақын болған кісі. Жазған бірнеше дастаны, арнау өлеңдері бар. Соғыста жүріп жазған өлеңдері ел ішіне кең таралған. «Қанен Қоржынұлы Файзолла, Әлмағамбет, Сәт ақындардың өлеңдерін, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, қолжазба қорларына тапсырып тұрған. Соңғы табылған қолжазбада Файзолла ақынның «Өмірбаян», «Ұзақ жол», «Тоқымбет», «Мархума», «Аяттан алынған сөз» секілді бірнеше дастаны мен өлеңдері бар. Қолжазба 195 беттен тұрады. Өлеңдер кириллицада жазылған. 18 жазба қамтылған. Бұл - Файзолла Сатыбалдыұлының шығармашылығын зерттеп, зерделеймін дегендер үшін таптырмас қазына», - дейді Батырлан Сағынтаев. Файзолла Сатыбалдыұлы - ХІХ ғасырда қалыптасып, өзіндік дәстүр ерекшелігі бар мектеп жасаған Торғай ақындық мектебінің ірі өкілі. Ол 1883 жылы есімі орта Азияға белгілі Сатыбалды ишанның отбасында дүниеге келген. Жасынан діни білім алып, Троицкіде, Бұхарада медреседе оқып құран қари атағын алған Файзолла діни сауаттылығымен бірге араб, парсы, түркі халықтарының аңыз-әфсаналарын, ертегі, жырларын жақсы білген. Түрлі тақырыптарға қалам тартып, жырлар жазып артына мол мұра қалдырған. «Айқап» журналына оқу-ағарту, шаруашылық мәселелерін көтеріп мақалалар жазып тұрған. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ахметсапа Жүсіпұлы секілді Алашорда өкілдерімен аралас-құралас, сыйлас болған Файзолла көп қуғын-сүргін көрген. 1959 жылы өзінің туған жерінде дүниеден өткен. 
16 ақпан 2018 ж. 1 834 0