Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазидың қайсар қаламы

Қазидың қайсар қаламы

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасы аясында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты қасиетті мекен Арал өңірінің асылдарын, жасаған игі істерін, ұлағатты өмірі мен жетістіктерін жас ұрпаққа ұлықтап, өңір мәдениеті мен әдебиеті құндылықтарын, еңбектерін,дүниелерін зерделеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде, насихаттауда музей қорын толықтыруда «БІР ӨЛКЕ, БІР ТАРИХ» музейлік жобасы жұмыс жасауда.Музейлік жобаның алғашқы қадамын біртуар азамат, артында алтын мұра қалдырған Қази ағамыздан бастау алдық.
Қарақұмның бұйрат-бұйрат құм төбелері, аңызақ желі, сол желмен ұшқан қаңбақ, құмға тамыр сіңірген сексеуіл мен жыңғылы Қази үшін жер жұмағы, оның Мекке-Мәдинесі еді.
Қасиеті мол, табиғаты жанға да, жануарға да жайлы құтты қоныс, мерейлі мекен Қарақұмда 1951 жылы дүниеге келді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қалам мен қағазды жанына серік етіп тырнақалды шығармаларын жазды.
Өлеңдері де ауызға салғаннан еріп жүре беретін қант қиығындай тәтті. Бала Қазидың алғашқы өлеңдері «Балдырған» журналында басылды. Сондағы бала Қазидың қуанышында шек болмады....
Алғашқы еңбек жолын № 59-ші Қарақұм мектебінен бастады. 1974 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтын бітірді. Жоғарғы оқу орны қабырғасында алған білімін ауыл балаларын оқытуда пайдаланды.
1979 жылы облыстық кәсіподақтардың шығармашылық үйінің әдіскері, кейінен директор қызметін атқарды. 1984 жылдан облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінің аға редакторы болды. 1984-1989 жылдары облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде аға редактор, ал 1989 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, руханият бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі, редакция алқасының мүшесі болды. Ол бірнеше мәрте облыстың үздік журналисі болып танылды. М.Шоқай атындағы сыйлықтың лауреаты, облыс әкімінің 2006 жылғы стипендианты атанды.
Жазушы-журналист «Жалын» баспасынан «Гүлдәурен», «Қыран қия», «Нартұлға», «Рухқа тағзым» секілді бірнеше кітаптары жарыққа шықса, «Шөңтөбе, Шотай, Балдәурен» повесі дәстүрлі «Жалын»бәйгесінің жүлдегері атанды.
Қази ағамыздың шығармаларының жұлыны түгелдей Қарақұм адамдарының тыныс-тіршілігіне арналған десе болады «Сақыптың әні», «Кәрі мұғалім», «Коммунист» әңгімелері мен қатар 1982 жылы жарық көрген «Дария жыры» жинаққа енген «Кировім-туған ауылым», «Қарақұмда», «Жаңбыр», «Сағыныш екен бала кез» шығармаларындағы «Жаным, Арал», «Тағдыр», «Балдақты қыз» балладасы, «Аманат», «Нанның құдыреті» ертегілері, хикаяттары.
Қази Соңғыбайұлының шығармашылығынан «Ұлан» газетіне, «Ақ желкен» журналына үзік-үзік жарияланған әңгімелер жинағы қазақ балалар әдебиетінің салмағын қомақтай түсті. Оның жазған дүниелерін қазақтың белгілі ақын-жазушылары Оспанхан Әубәкіров, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза жоғары бағалаған.
Қази Данабаев – көп жыл облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет етті. Қаламы жорға ағамыз Сыр өңірінің әлеуметтік , рухани өміріне белсене араласты. Мақалаларында білім беру мәселесі, ұлттық бірыңғай тестілеу, ел тарихы- өзге этнос өкілдері жайы, тіл,дін тағдыры, журналистердің сөйлеу мәдениеті, Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынұлы, М.Шоқайдың ұлт үшін жасаған қызметін насихаттай отырып, ұлтшыл болу перзенттік борыш екендігін түсіндірді.
Өткір мәселелерді көтерген дарын иесі Қази ағамыздың ұшқыр ойлы, өткір тілді мақалалары «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Алтын Орда», «Заман-Қазақстан» газеттерінде жарияланды..
«Азат», «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалыстарының белсенді мүшесі болып, елдің жаңару, жаңғыру, адамдардың сана-сезімін ояту бағытында еңбек етті.
Артына өшпестей із қалдырған Қази ағамыздың құрметіне жыл сайын облыстық турнирлер дәстүрлі түрде өткізіліп, түрлі мәдени-шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырылады. Жазушы құрметіне Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері» шағын ауданынан көше берілді.
Осы жоба аясында аудандық музей қоры Қази ағамыздың құнды дүниелерімен толықты. Жазушы-журналистің бауыры, ауданымызға белгілі азамат Көлбай Данабаев  ағамыз Қази ағаның «Соңғы керуеннің түйесі», «Армысың ата Мәскеу », «Көз жасы», «Туған ауылдың түні» шығармаларының түпнұсқалары, мақалалары, марапаттары мен жеке пайдаланған заттарын табыстады.
«Жақсының аты өшпейді» дегендей Қази ағамыздың өзі болмаса да артында қалған құнды дүниелерін жинақтап, насихаттаумен қатар келер ұрпаққа үлгі, өнеге ретінде таныту – азаматтық парызымыз.
Гүлнар КАРИМОЛДАҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері. 
05 наурыз 2021 ж. 650 0