Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

Қазақ халқының мақтан тұтар қаламгері, қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов 22 қазанда 96 жасқа толды. Көзі тірі классиктің тарапына осы кезге дейін әлем алыптарының айтқан сан алуан пікірі ол кісі жайындағы теңеулерді нақтылай түсетіндей. Сол пікірлердің бір шоғырын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Француз жазушысы Андре Стиль:
«Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді».

Француз жазушысы Луи Арагон:
«...Нұрпейісов пен Әуезовті салыс­тырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ. «Абай жолы» романын белгілі бір деңгейде Гетенің «Вильгельм Мейстерімен» қатар қоюға болады. Бұл екі роман да адам мінез-құлқының қалыптасуын көрсетудің әлі ешкім асып өте алмаған жарқын үлгілері. Ал Нұрпейісовтің романы болса, осы кітап­тар тақылеттес.
«Ымырт» романы суы ащы шөлдегі шыңырау құдық секілді (автор өз кітабында адам рухының өжеттігін көр­сететін көп­мәнді эпиграфты тектек-тек қолданып отыр­ған жоқ қой). Нұрпейісовтің «Ымырт» романы секілді терең әрі тартымды кітаптар кейінде жазылған жоқ. «Ымыртты» қазіргі америкалық, француздық, не болмаса басқа да заманауи әдебиеттегі үлкен шы­ғар­­малармен қатар қоюға әбден болады».

Испаниялық әдебиет сыншысы Аугуст Видал:
«Трилогия классикалық орыс про­­за­сының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік ше­берлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы рет­те Нұр­пейісовті «қазақ әдебиетінің Шоло­ховы» деуге болады».

Аудармашы, сыншы Герольд Бельгер:
«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушы­лары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трило­гия­сы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебие­тіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды».
Қаламгерге құрмет
Арал қалалық тарихи музейінде қоғам қайраткері, суреткер, публицист, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтың туған күніне орай ұйымдастырылған «Тума талант...» атты жергілікті ақын-жазушылармен кездесу кеші өтті. Жазушы өмірінен сыр шертіп, көптеген танымдық дүниелерге жол ашатын мұндай басқосулардың әдетте өскелең буын үшін берері мол болмақ. Романдары арқылы халқының мұңын қарт құрлыққа жеткізіп, әлем үздіктерінің алтын қорына енген классик жазушының қазақ әдебиетіне қалдырған мұрасы ауқымды.
Осындай жанның өмірі мен шығармашылығын насихаттап, жас буынға таныта түсу бағытында ұйымдастырылған шараға «Қазақстанның құрметті журналисі», ақын Жұмабай Жақып, аудандық «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла және жас ақын Дархан Аманжолұлы қатысты. Жазушы өміріне тоқталған қонақтар шара барысында өздерінің туындыларын таныстырып, көпке үлгі болған қарт қаламгердің көпке үлгі боларлық шығармашылығын тілге тиек етті.
Шара барысында кеш қонақтарының еңбек жолдары туралы сыр шертіліп, туған жерге, теңізге арнап жазылған өлеңдері оқылды. Сонымен қатар музей қорына кеш қонақтарының өз қаламынан туған кітаптары табысталды.
Б.Сарбасова,
Арал қалалық тарихи музейінің
филиал меңгерушісі
27 қазан 2020 ж. 1 643 0