Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығыс жекпе-жегіне шыңдалған

Шығыс жекпе-жегіне шыңдалған

Анау бір жылдары тоқабайлық өрендер былғары қолғап киіп, тәжірибелі жаттықтырушыдан тәлім ала бастағанда, бірінен соң бірі рингте атой салып, аудан намысын облыс, республикада қорғап, Тоқабайдан Тайсон шығады деп ауылдың қара баласын басылым бетінде насихаттап жазғанымыз бар-ды. Енді міне, теңіз жағалаудағы құтты мекен Бөгендегі балалар шығыс жекпе-жегін меңгеруге кірісті.
Жергілікті №20 Зейнолла Шүкіров атындағы орта мектеп оқушылары каратэге ден қойып, жаттығу ауыр болған сайын жеңіс оңай келетінін ұғынуда. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және өскелең ұрпақты спортқа баулу бүгінгі күннің басты міндеті деп білген мектеп басшысы Марат Аңдызбаев тың бастаманың ауылдың ұл-қыздары үшін маңызды екенін сезініп, арнайы мамандармен қоянқолтық жұмыс жасауға кірісіп кетті.
Нақтырақ тоқталсақ Қызылорда облысы бойынша «Кёкушин Будокай каратэ спорт федерациясы» (KFKO) РҚБ филиялының жетекшісі, қара белбеу иегері, ІІІ дан шебері Шахмардан Файзуллаев Мұстафа Өзтүріктей саңлақтың ізбасарларына бағыт-бағдар берді. Өз кезегінде федерация президенті Эркинбек Ахмадалиевтің арнайы рұқсатымен ресми түрде үйірме заңдастырылғанын атап өтті.
Тәртіп пен төзімділік мектебі саналған каратэнің әдіс-тәсілімен теңіз ұлдары осылайша танысып, қыр-сырын меңгерудің алғы шарттарын бастап кетті. Ауыл спортына жаңа леп келгендей. Үлкен-кіші баянды бастамаға дән риза. Қуаныштары қойнына сыймаған бала біткен бұл спортпен күш көрсету үшін емес өзін-өзі тәрбиелеу мақсатында шұғылданатынын айтады.
Ж.Құлмамбетова,
№20 З.Шүкіров атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
03 наурыз 2026 ж. 57 0