Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫҒЫС ЖЕКПЕ-ЖЕГІНІҢ ШЕБЕРІ

ШЫҒЫС ЖЕКПЕ-ЖЕГІНІҢ ШЕБЕРІ

Арал ауданында спорт айрықша қарқын алып келеді. Мемлекет қолдауының нәтижесінде талай додаларда топ жарған Аралдық өрендердің қарасы қалың.
Мұстафа Өзтүріктің даңғыл жолын жалғаған, осы салаға бет бұрған жастардың қатары аудан аймағында қарқынды өсіп келеді. Шығыс жекпе-жегінің өңірдегі деңгейі де жақсы. Республикалық сындардың алды боп жүрген ұл-қыздарымыз да жеткілікті. Ал жеткіншектер байрақты бәсекелерде төбе көрсетіп, тұғыр биігінде жүр.
Байрақты бәсекеде өнер көрсеткендердің қатарында шынашақтай қыздар да бар. Міне, соның бір айғағындай өткен жылы Алматы облысының Шамалған ауылында таэквондодан 2010-2012 жылғы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Зере  Қажымұқан татами төрінде атой салып, қарсыластарын қоғадай жапырды.  Ол таэквондо тек тепсе темір үзетін жігіттерге ғана арналған деген түсінікпен мүлдем келіспейді. Керісінше қыздарға да қажет спорт түрі екенін алға тартты.
Жеңімпаздың бұдан бөлек мақтанып айтар жүлделері толассыз. Соның дәлелі, Республикалық турнирлер мен облыстық жүлделердің иесі. 2024 жылы Ташкентте өткен Халықаралық турнир чемпионы атанған Зере көптеген байрақты бәсекеге Қазақстан атын әлемге танытып жүр.
Зере Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінде оқыған. Қазіргі таңда ол Алматы облысының «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 8 сыныбында оқиды.
Жеңіске жетелеген жаттықтырушы Мади Исмайлов пен Ерасыл Жаңабаев чемпионға шабыт беріп, әрдайым қолдауын еш аямаған. Олар әркез жаттығу кезінде төгілген тердің жеңіске жетелейтінін шәірттеріне ұнемі айтудан еш жалыққан емес.
Спортты серік еткен жасөспірімдер алдағы уақытта өңір атын республикалық, халықаралық ареналарда лайықты қорғайтынына сенім мол.

Нұрай ӘМІРХАНОВА
21 қаңтар 2025 ж. 23 0