Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық спортшылар Әлем чемпионы атанды

Аралдық спортшылар Әлем чемпионы атанды

Арал өңірі спорт саңлақтарына бай өлке. Жыл сайын әлемдік додаларда көк байрақты желбіретіп, ел абройын асқақтатып жүрген айдынды өлкенің перзенттері жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі аудан намысын қорғап жүрген жерлесіміз Фараби Болатұлы осымен үшінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Үстіміздегі жылдың 26-31 қазан күндері Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында өткен ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары 6 алтын, 1 күміс медаль иеленді.
Ересектер арасында жекпе-жекке түскен Сауытбаев Фараби Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы атанып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атағының нормативін орындады. Ал жастар мен жасөспірімдер арасында өткен додада №14 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Ғалымжанұлы Диас, №262 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Сәдіров Ерасыл, №220 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Серікбай Бақытжан, №62 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Өтебай Мансур, №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының 9 сынып оқушысы Мұхтарұлы Жансүйен, Арал индустриалдық техникалық колледжінің 1 курс студентті Кемалов Нұралы Әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар №262 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Әбжамиев Ернұр  күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Спортшыларды әлем біріншілігіне дайындаған жаттықтырушы-бапкерлері - Фараби Сауытбаев пен Нұртуған Әлібеков болатын.
Әлемдік додада топ жарып, аудан мерейін асқақтатқан спорт саңлақтарын аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов пен аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б.Махатов және ауданның белсенді жастары құрмет-қошемет көрсетіп қалаға кіре беріс қақпадан сән-салтанатымен қарсы алды.
Аудан әкімінің орынбасары байрақты бәсекеде елдің, аймақтың намысын абыроймен қорғаған спортшыларымызды жеңістерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Чемпиондарды қарсы алуға жиналған көпшілік жеңіс тұғырынан көрінген жастарға орталық алаңда айрықша құрмет көрсетті.
«Толқын» ақпарат


11 қараша 2023 ж. 2 112 0