Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыстың суығында қалсаңда, көктемнің суығында қалма

Қыстың суығында қалсаңда, көктемнің суығында қалма

Сәуір келді. Күн жылынды, қар еріді, адамдар пальтоларын шкафқа тықты. Дәл осы сәтте — дәрігерлер емханада ең бір қарбалас мезгілін бастан кешіреді.
Көктемгі суық — халық ойлағандай жеңіл нәрсе емес. Қазақстан климаты үшін наурыз бен сәуір — ең алдамшы айлар. Күндізгі температура жылы болып, кешке қарай аяз қайтады. Адам ағзасы бұл ауытқуға дайын емес, себебі бүкіл қыс бойы киімін ауырлатып жүрген адам бірден жеңілдетеді — иммунитеті алдамшы жылыға сеніп, қорғанысын түсіреді.
ЖРВИ — жедел респираторлық вирустық инфекция — 200-ден астам вирус түрін қамтитын ауру. Суық тию мен мұрын бітелуі медициналық көмекке жүгінудің ең көп тараған себебі болып табылады.
Мәселе тек суықта ғана емес. Мамандардың айтуынша, маусым ауысқанда адамдардың шамамен 80 пайызына дейін гиповитаминоз — дәрумен тапшылығы байқалуы мүмкін. Ол иммунитетті әлсіретіп, түрлі аурулардың пайда болуына жол ашады.
Көктемгі дәрумен тапшылығының белгілері: әлсіздік, жиі суық тию, созылмалы аурулардың асқынуы, ұйқының бұзылуы, шаш пен тырнақтың әлсіреуі, зейіннің төмендеуі. Бұл белгілерді көпшілік «шаршадым» деп ескермей өтеді — ал дәрігер ескертеді, елемеуге болмайды.
Не істеу керек?
Бірінші — киімді асықпай жеңілдету. Сырт киімді ауа температурасы тұрақтанғанша тастамаңыз, тамақ пен бас ашық болмасын. Екінші — ангина, суық тию, мұрын бітелуі немесе отит сияқты асқынулар байқалса, лор-дәрігерге қаралған жөн. Үшінші — көктемде өсімдіктер гүлдей бастайды, аллергиясы бар адамдардың денсаулығына бұл айтарлықтай әсер етеді. Маусымдық аллергия кезінде — көздің қышуы, түшкіру, дене қызуынсыз мұрыннан су ағуы байқалса, уақтылы диагностикаға жүгіну қажет.
Қыста суық болғанда адам сақ болады — киінеді, шыңдалады. Ал көктемде — сеніп қалады. Дәл осы алаңсыздық ауруға апаратын жол.

Айжамал МАРАТОВА,
Қорқыт ата атындағы университетінің студенті 
03 сәуір 2026 ж. 94 0