Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәуір болмай, тәуір болмас

Сәуір болмай, тәуір болмас

Сәуір – көктемнің екінші айы. Бұл айдың ертедегі атауы – көкек. «Көкек» деп аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты. Көктемгі табиғаттың әсемдігін уәж еткен тувалықтар мен шорлар бұл айды «көрік айы» атап кеткен. Бірақ кейін келе бұл айдың атауы «Сәуір» болып өзгерген. «Сәуір» – араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болады. Көктемнің екінші айын халық "қараөзек шақ" деп те атайды. Өйткені сәуірде күн жылына бастайды, барша табиғат жаңарып, айнала қызу тіршілікке бөленеді. Су тасиды, мал төлдейді, құстар жылы жақтан ұшып келеді. Жыл мезгілінің әр айында болатын табиғат құбылыстарын «амал» деп атайды. Олар: Сәуір амалы, Бесқонақ, Қызыр қамшысы, Тобылғы жарған, Отамалы. Бұл амалдардың әрбірінде болатын құбылыс та әртүрлі. Соған сай жасалатын қам-қарекет те өзгеше. Сәуір амалы қазақ есепшілерінің есебі бойынша осы айдың 20-ларына кіреді. Қариялар Сәуір амалы кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады.Сонымен қатар қазақ халқы сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де «сәуір» деп атайды. Бесқонақ – көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үшбес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды. Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амал. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл «тобылғы бүршік жарған», яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз. Отамалы – қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауынды-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңі. Ал сәуір айында туған адамдарға тән мінез — қаталдық. Олар алға қойған мақсаттарына жету жолында батылдық пен табандылық таныта күреседі. Шешімді тез қабылдайды және өзіне-өзі есеп беріп тұруды ұмытпайды. Бұларды толғантатын басты мәселе — өздерінің тұрмыс жағдайы. Ер адамдар отбасын құру мәселесінде сезімнен гөрі есепке көп көңіл бөледі. Бірқалыпты өмірді сүйеді. Әйелдер үшін тұрмыс жағдайы басты мәселе емес.Ол үшін ең бастысы адамгершілік пен сыйластық. Күйеуі мен отбасы мүшелеріне құрметпен қарайды. Ақылы мен ашық-жарқын мінезінің арқасында көпшілікке ұйытқы бола алады.
К.МАХСҰТ
01 сәуір 2023 ж. 756 0