Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктем келді шұғыласын таратып...

Көктем келді шұғыласын таратып...

Көктемнің алғашқы күні. Аптаның басы. Төрге енген жаңару мезгілінің жылуын табиғат та сездіріп тұр. Қыстың соңы түні бойы нөсерлете жауған жылы жаңбырдан кейін төңірек қыстың ауыр шекпенін шешіп, жылы күрте жамылғандай. Таңғы ескен жылы самал адамның өне бойына нұр құйып, сергітіп жібереді. Айналада қыстан қалған нышан байқалмайды.
Иә, көктем келді! Шұғылалы бұл мезгіл күллі табиғат атаулының қайта тірілетін, даланың жасыл желекке бөленіп, тіршіліктің қайнай түсетін уақыты. Осы мезгіл – сән-салтанаты жарасқан еліміз үшін айтулы мерекелерді тойлап, халық шаттықа кенелетін күн. Көктем келді. Тіршілік түледі.
Бүгін күндегіден де көшеде жүргіншілер қарасы қалың. Жұмысқа, балабақшаға асыққан жұрт көшеде кездескен жүзі таныс жандарға жылы шырай танытып, мерекелік құттықтауын айтып жатыр. Расымен де, бүгін – еліміз үшін мейірім мерекесі, Алғыс айту күні. Қандай керемет! Адамзаттың жылуы әдемі сөзі арқылы беріледі. Бір-біріне ризашылығын жеткізіп, алғысын айтып, тілегін жолдаған жандар бұл күннің тіпті шырайын кіргізгендей. Көктем – күн мен түн теңелетін, бар жаратылыс жаңарып, гүлденетін мезгіл. Көктем жайлы тылсым құбылыстар мен қызықты деректер де жоқ емес. Мәселен, ғалымдар жекелеген өсімдіктердің шешек атуын бақылау арқылы көктем тәулігіне 50 шақырым жылдамдықпен қозғалатынын есептеп шығарған екен. Сондай-ақ көктем әлемнің барлық аймағына наурыз, сәуір, мамыр айларында келмейді. Мысалы, Австралия, Аргентина мен Мадагаскарға көктем қыркүйекте келеді. Женеваға көктем кантоналды әкімшіліктің терезесінің алдында «ресми талшын» бүр жарғанда ғана ресми түрде келеді. Әдетте, салт бойынша көктемнің келгенін ол наурызда «хабарлайды», бірақ кейде ол дәстүрді бұзып тұрады. Мысалы, 2002 жылы талшын 29 желтоқсанда бүр жарған, ал 2006 жылы екі рет гүлдеген – наурызда бір, ал кейін қазанда бір. Ал біздің ата-бабаларымыз бұл тұрғыда көкекке сенген. Ежелде көкек шақыра бастағанда көктем келді деп есептелген.
Көктем астрономиялық тұрғыда 20 немесе 21 наурызда келеді – көктемгі күн мен түннің теңесетін уақыты. Зерттеулерге сүйенсек, Күз мезгіліне қарағанда, көктемде адамдардың тыныс алу жиілігі үштен бірге артады.
Көктем келе салысымен киім ауыстыратын біз ғана емес. Қояндар, тиіндер мен басқа да жануарлар ашық түсті ішіктерін қошқыл түске ауыстырады. Барлық құс туғанынан шырылдай алады. Бірақ жай шырылдау оларға аздық етеді, әр құс өз тұқымына тән әндерді үйренуі тиіс. Мұны олар тек келесі көктемде, 300 күн толғанда толық меңгереді. Көктем жылулығына ең бірінші өсімдіктердің тамыры сыр береді. Олар 7-8 градус жылылықта белсенді түрде өсе бастайды. Балқурай көктем гүлі түсін төрт рет ауыстырады: бүршік жарғанда ол алдымен алқызыл, сосын қызылкүрең, күлгін және кейін көк түске бөленеді.
Тылсым табиғаттың сырына жету оңай емес. Десе де бүгін көктем келді. Енді табиғат жаңарып, айнала нұрға бөленіп қана қоймай, адамдар да қызу тіршілікке кіріседі. Әсемдік пен әдемілік астасып, қызу еңбектің бастауы болған бұл мезгілді халқымыз жаңару кезеңі деп бекер айтпаса керек-ті.
Н. Марат
02 наурыз 2021 ж. 2 010 0