Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз – жыл басы

Наурыз – жыл басы

«Үт кірді, үсік шықты...»
Міне, наурыз айы да орта тұстан ауып барады. Ол – жыл басы, жылдыңтөрт мезгілінің негізгісі. Көктемнің алғашқы айы. Қар еріп, жылғаларға су толады. Өзендерде тасқын пайда болады. Қар астында қалған көк майса қайта бас көтереді, кей жерлерде көк шығып, жаңа тіршілікке енді.
Көне есепте наурызды «Үт» деп те атаған. Ел «Үт» кірді, үсікшықты» деп ерекше қуанған. Өйткені наурызда ауа райы жылынады. Жер мен көк ғажайып түрге еніп құбылады. Жайма-шуақ бой көрсетеді. Жалпы наурыз айы барлық тіршіліктің бастауы ғой!..
Наурызда құбылыс та, амал да аз емес. Өтіп болмайтын ұзақ күндер-«Ұзын сары» келіп, қоңторғайлау, қараөзек шақ та туады. Атан түйені жығар, көктемнің қар ерітер «Алтын күрек» өкпек желі, қара суығы соғады. «Самарқанның» көк тасы еріп, күн мен түннің теңесуі, жыл құстарының оралуы – бәрі осы айдың еншісіндегі амалдар. Солар біткеннен кейін күн ұзарады.

«Сәуір айы шопанға – сары уайым...»
Сәуір айы күн шуақтанып, төрт түліктің сайран салатын кезі.«Қазекеңнің сәуір болмай сайран болмас, сайран болмай, айран болмас. Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер, сәуірдегі жауын-сауып тұрған сауын» деген мақал-мәтелдері мен болжамдары көктемнің қайратты, белсенді кезін нақ суреттеп тұр емес пе?
Сәуірде күн жылығанмен өрекшіген жел, екі-үш күнге созылып жауатын жаңбыр көрініс береді. Тіпті қайсыбір аймақтарда қар жауады. «Сәуір айы, жаңбыр айы» деп те аталады. Мұқағалидың:«Сәуір айы шопанға– сары уайым,Малмен бірге бағады ауа райын...» деп келетін өлеңі осыболжамдардың дәлелі.
Сәуірде түрлі амал көп. Мәселен, «Бесқонақ» амалыоңтүстіктенаурыздың соңына қарай өтсе, батыста сәуірдің алғашқы аптасында көрініс береді. «Отамалы» амалы да осы айда. Оны Қазекең «Ойылған қыс» деп атаған. Мұнан кейін «Сәуір» амалы келеді. Ал Арқада осы тұста жүретін «Алтын күрек» деген амал бар. Сәуірдің соңы мен мамырдың басында алапат нөсер болады. Бұл кезде бөкендер мен киіктер төлдейді. Араға аз уақыт салып дауыл тұрады. Бұл киіктердің төлін өргізетін кезі.
***
Міне, осы амалдардың бәрі сәуір айының аса күрделі, аумалы-төкпелі, қолайсыздау екенін аңғартса керек. Малшыға да, егіншіге де, жұртшылыққа да сақтық қажет. «Отамалы» амалының жалғыз жүргіншіні, малына қоса қандай апатқа жыққанынан халайық хабардар болар. Сондықтан да ауа райының бірде олай, бірде бұлай болатынын ескерген жөн. Өзге өңірді айтпағанда, өзіміздің бұрынғы «Арал» кеңшарында мамыр айының 25-і жұлдызында (тіпті жаз айы ғой) 4,5 мың қойдың қара суықтан қырылғанын ілгеріде жазғанбыз.Өткеннен сабақ алған артық болмайды.
Дайындаған Ш.Жұппамбет,
тыл ардагері,
Арал қаласы
19 наурыз 2023 ж. 496 0