Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз – басы көктемнің

Наурыз – басы көктемнің

Наурыз – жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Парсының нау – жаңа, руз – күн деген сөзінен шыққан. Демек наурыз аты бір-ақ күнді бейнелесе де ол толық ай атын иеленген. Наурызда күн мен түн теңеседі, жаңа жыл келеді. Бұл айдың Шығыс, оның ішінде қазақ елі үшін орны өте бөлек. Оны жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметтейді.
Наурыз – түркі тайпаларының мүшел есебі бойынша жыл басы саналатын бірінші ай, ойын-сауық және наурызкөже жасау мерекесі. Бұл күні қазақтарда наурыз жырын айтып, наурыз мерекесін өткізеді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қүрылған Кеңес өкіметі бұл мерекені діни кертартпа рәсім деп тауып, 1926 жылдан ресми тойлауға тыйым салды. Тек елімізде демократиялық ағым бел ала бастаған 1988 жылдан бүкілхалықтық мейрам ретінде атап өтілетін болды.
«Наурызнама» думаны, «Наурызкөже» дәстүрі осы айда жасалады. Күн ұзарады. Оны қазақтар «Ұзынсары» дейді. Бұл жуанның созылып, жіңішкенің үзілетін кезі болғандықтан дәмді, қуатты тағамдарын халық осы кезге әдейі сақтап отырады. Күн жылынып, мал төлдей бастайды. Наурыздың соңғы айында өкпек жел соғып, қарт күрт еріп, жер лайсаң болып, жол бұзылады. Мұны ел "аласапыран" дейді. Әр айдағы ауа райының күрт өзгерісін жұрт "амал" деп атайды. Қай жағынан алғанда да наурыз біздің халқымыз үшін қасиетті ай ретінде бағаланған. Осы айды әдемі қиыршық қар түседі, оны «наурызша» дейді.
Наурыз – көктемнің басы. Халық көктем туды деп айтады. Яғни жақсы күн туды, төл туды деген ұғымды білдіреді. Ғылыми зерттеушілердің айтуынша, әр айдың адам ағзасы мен психологиясына, әлеуметтік жағдайына әсері болады екен. Бұл айда дүниеге келген жандар өте сезімтал және әсершіл келеді. Тек сәтсіздіктерге мойығыш, бұл қызметтегі өсуіне басты кедергі. Егерде уайымшылдығын қойып, бірбеткейлік, табандылық танытатын болса, алатын асуы көп болады. Наурызда дүние есігін ашқан ерлер ақкөңіл, сезімтал болғандықтан не болса сол жандарын жаралай береді. Олар тәуекелшіл емес. Соған қарамастан, қандай қиындық көрсе де, үнемі алға қарай ұмтылады. Атақ пен даңққа ие болса, оны уысында көп ұстап тұра алмайды. Себебі оған мастанып кетеді де, беделін әп-сәтте жоғалтып алады. Өзгелердің жоғарылауын, жақсы жағдайларға ие болуын өзінің жеңілісіндей сезінеді. Бұл айда туылған әйелдер болашағына бал ашқызғанды, құмалақ салғызғанды ұнатады, көріпкелдерге қатты сеніп, оларға баруға құштар. Тез ашуланады, көп шығын шығармайды, тәттіні ұнатады.
К. МАХСҰТ 
04 наурыз 2023 ж. 477 0