Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 22 наурыз: Атаулы күндер мен оқиғалар

22 наурыз: Атаулы күндер мен оқиғалар

Наурыз мейрамы
Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдылықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Қазақстанда Наурыз мейрамы – Мемлекеттік мейрам. 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтіледі.
Бүкіләлемдік су қорлары күні
1992 жылғы маусымның 3-4-і аралығында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференцияда 22-ші наурыз – Бүкіләлемдік су қорлары күні деп жарияланды.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы Кеңес Президиумының отырысында республикада Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Заңын қолданысқа енгізуге дайындық жұмыстарының барысы талқыланды.
1990 жылы Алматыда «Ана тілі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.
1991 жылы республикалық «Жас қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Еліміздің саяси, әлеуметтік және рухани өміріндегі өзекті мәселелерді қозғаған газет төрт жыл бойы шығып тұрды. 2001 жылғы тамыздың 11-де «Жас қазақтың» жалғасы ретінде «Жас қазақ үні» газеті жарық көре бастады.
1993 жылы Павлодарда «Ватан» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы құрылды.
1995 жылы «Азық-түлік корпорациясы» мемлекеттік компаниясы құрылды. Компанияның басты мақсаты болып еліміздің стратегиялық астық қорын сақтау, мемлекеттік астық қорына жауапкершілікпен қарау, ішкі астық нарығын және астық экспортын тұрақтандыру табылады.
1995 жылы «Қазпошта» Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл болып есептелетін «Наурыз» мейрамына арналған пошталық маркалар шығарды.
1997 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапары барысында Букингем сарайына барды және Елизавета II патшайыммен кездесті.
22 наурыз 2020 ж. 1 026 0