Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерлік амбулатория – халық денсаулығының тірегі

Дәрігерлік амбулатория – халық денсаулығының тірегі

«Бірінші байлық — денсаулық» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне арнаған жиында халқымыздың осы нақыл сөзіне баса назар аударды, себебі денсаулық пен ұлттың саулығы — мемлекеттің ең маңызды құндылығы екенін айтты. Дәрігерлікті «жүректің ісі»деп бағалап, медицина мамандарының еңбегін аса қиын әрі күрделі жұмыс деп атап өтті.
   Президент медициналық қызметкерлердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеру — мемлекеттің басым міндеттерінің біріекенін бірнеше рет атап өтті. 2024 жылдан бастап еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізгені және дәрігерлерге арналған мемлекеттік марапаттарды тағайындағаны туралы айтты. Сонымен қатар, шалғай ауылдағы халықтың сапалы медициналық қызмет алуы үшін де жан-жақты жағдайлар жасалуда.
Сөзімізге дәдел, 2017 жылы пайдалануға берілген Бекбауыл ауылдық округінде орналасқан дәрігерлік амбулатория. Ауылдағы дәрігерлік амбулатория бүгінде тұрғындарға сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп келеді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мекеме жергілікті халықтың денсаулығын нығайтуда маңызды рөл атқаруда.
Дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер, балалар мен ересектерге қызмет көрсететін 2 аяжан, 1 акушерка және 1 аға медбике еңбек етеді. Сонымен қатар, қазандықта 4 қызметкер ауысыммен жұмыс істейді.
Мекемеде қарау кабинеті, процедуралық кабинет, егу кабинеті және оттегімен емдеу кабинеті жұмыс істейді. Сондай-ақ, электрокардиограмма (ЭКГ) аппараты мен глюкометр сияқты қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз етілген. Барлық жұмыс орындары компьютерлік техникамен жабдықталған.
Зертханада жалпы талдаулар жүргізіліп, қандағы қант мөлшері анықталады. Бұл тұрғындардың денсаулығын дер кезінде бақылауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлік амбулатория жанынан 4 орындық күндізгі стационар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, науқастарға жедел қызмет көрсету үшін санитарлық автокөлік қарастырылған.
Бекбауыл ауылдық амболатурасына Ақбай медициналық пункт және Құмбазар медициналық пункт қарасты. Дәрігерлік амбулаторияда аталған елді мекендерінің тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Бұл медициналық нысан – ауыл халқы үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің кепілі.
Көктем мен күз айларындағы жауын-шашынды кезеңдерде, қыстың қақаған аязында  Құмбазар ауылына қарасты мал ауылында тұратын тұрғындарға санитарлық көмек үздіксіз көрсетіліп отырады. Ауыл өмірінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан бұл қызмет халық денсаулығын сақтауға, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған.
Мамандар уақытылы тексерулер жүргізіп, қажетті екпе жұмыстарын ұйымдастырады. Тазалық пен сақтықты басты назарда ұстаған бұл игі шаралар – ауыл тұрғындарының амандығы мен әл-ауқатының кепілі, бейбіт те берекелі өмірдің негізі.
Бекбауыл ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындары үшін денсаулық сақтау қызметінің маңызды орталығы болып табылады. Мұнда көрсетілетін алғашқы медициналық көмек, алдын алу шаралары және тұрақты бақылау халықтың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосады. Сонымен қатар, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл медициналық мекеме тұрғындар үшін сенімді көмек пен қауіпсіздік орталығы болып қала бермек.
Н. МАРАТ
07 сәуір 2026 ж. 184 0