Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың амандығы – аманат

Аралдың амандығы – аманат

Арал – тарихтың талайлы сынына түскен, тағдыры теңіздің тасуы мен қайтуындай арпалысқа толы қасиетті өңір. Бұл аймақ – әлем үшін төзімнің символы. Алайда, табиғаттың қаталдығымен бетпе-бет келген бұқара үшін денсаулық мәселесі – ертеңге қалдыруға болмайтын басты құндылық. Осы орайда, Мәжіліс мінберінен Арал халқының аманатын арқалап, Үкімет басшысына өткір де өзекті депутаттық сауал жолдаған бір топ халық қалаулыларының қадамы – нағыз жанашырлықтың көрінісі.
Мархабат Жайымбетов, Мұрат Налқожа, Мұрат Әбенов, Мұқаш Ескендіров, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Самат Мұсабаев, Жарқынбек Амантайұлы, Қарақат Әбден, Абзал Құспан, Еділ Жаңбыршин және Ерлан Стамбеков есімдері Арал халқы үшін жақсылықтың жаршысындай естіледі. Олар – құрғаған теңіздің табанынан ұшқан тұзды желдің зардабын тартып отырған 80 мыңға жуық халықтың мұң-мұқтажын билік өкілдеріне нық сеніммен жеткізе білген тұлғалар.
Ескі ғимарат – ел саулығына сын
Депутаттар көтерген мәселенің салмағы тым ауыр. 1960 жылы жатақхана ретінде бой көтерген, бүгінде тозығы жеткен ғимараттың «емхана» деген аты ғана болмаса, заманауи талаптарға мүлдем жауап бермейтіні ащы да болса шындық. Инженерлік желілері істен шыққан, тар бөлмелері науқас түгілі сау адамның деміне тарлық ететін бұл нысанның орнына жаңа, зәулім медициналық орталық салу – уақыт талабы.
Арал қаласының теміржолмен бөлінген «арғы бетіндегі» 40 мың халықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі – тек жайлылық емес, бұл адам құқығы мен ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Экологиялық ахуалдың салдарынан аурушаңдық көрсеткіші өсіп отырған тұста, депутаттардың 6,6 миллиард теңгенің жобасын Үкімет назарына ұсынуы – дер кезінде жасалған стратегиялық қадам.
Аманатқа адалдық
«AMANAT» партиясының ұстанған бағыты – халықтың мұңын тыңдап қана қоймай, оны нақты іспен жүзеге асыру. Депутаттардың Аралға келіп, елмен жүздесуі, мәселені өз көзімен көріп, жүрегімен сезінуі осы сауалдың тууына негіз болды. Жергілікті бюджеттің әлеуеті жетпейтін ауқымды жобаны республикалық деңгейге шығару – Сыр еліне келген азаматтарға ең көп айтылған сұраныс еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде дәлелдеген депутаттарымызға ризашылық білдіреміз. Премьер-Министр Олжас Бектенов мырзаның бұл өтінішті оң шешіп, Арал төрінде жаңа емхананың іргетасы қалануына қолдау көрсететініне кәміл сенеміз.
Аралдың ақ таңы – саулықпен атсын!
Толыбай АБЫЛАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың, Қызылорда облысының»
Тұран» сыйлығының лауреаты,
Қызылорда облысының Құрметті ардагері,
Арал ауданының Құрметті азаматы
18 сәуір 2026 ж. 40 0