Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан прокуроры қаладағы бірқатар инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты

Аудан прокуроры қаладағы бірқатар инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты

Фото: Арал ауданы әкімдігі
Аудан прокуроры Дарын Әбіш қалада жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р. Жанаев ауданда қолға алынып жатқан өзге де жұмыстар жөнінде баяндап, ауқымды жобалардың басым бөлігі биыл аяқталып, іске қосылатынын жеткізді.
Алдымен прокурор түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауытқа барды. Жоба бастамашысы «Qazaq Camel» ЖШС. Кәсіпорын жылына 392 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Зауыт құрылысына 3 млрд теңге инвестиция салынған. Оның 1,8 млрд теңгесі мемлекеттік қолдау (жеңілдетілген несие), ал 1,2 млрд теңгесі жеке қаражат.
Негізгі өндірістік ғимараттың құрылысы мен құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда 13 Қытай азаматы монтаждау жұмыстарын жүргізуде.
Ұлы Жібек жолының бойында қарқынды жүргізіліп жатқан жобалардың бірі – «Алаш Метан» ЖШС-нің метан газ құю бекеті. Аудан прокурор нысан басында мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.
Қазіргі уақытта метан газ құю қондырғылары орнатылып, қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 600 млн теңге. Іске қосылған кезде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бекет тәулігіне 200 автокөлікке қызмет көрсетуге қауқарлы және осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мұнан соң «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасы аясында салынып жатқан метан газ құю бекетінде болды.
Аудан прокуроры құрылыс алаңында жоба жұмыстарының барысымен танысты.
Жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын бұл инвестициялық жоба аймақта алғашқылардың бірі болып жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда кешеннің бірінші кезеңі іске қосылып, 15 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар 2026 жылдың сәуір айында қосымша құрылыс жұмыстары басталып, автомобиль жолын салу жұмыстары жүргізілуде.
Кешеннің жылдық қуаттылығы 12 мың автокөлікті метан газымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аудан прокуроры Дарын Елтайұлы жобаларды жүзеге асыру барысында ең алдымен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар сапаға ерекше мән беріп, өндіріс көлемін арттырудың маңыздылығын жеткізді.
Арал ауданы әкімдігі
26 сәуір 2026 ж. 44 0