Агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

Биыл аймақтың ауыл шаруашылығы саласына 86 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту межесі бекітілген. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға салынған инвестиция 4 млрд. 731 млн. теңге болып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету үшін аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде 2025-2027 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілді. Жол картасында 30 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалар жүзеге асқанда 295 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 13 млрд. 400 млн. теңгенің 14 инвестициялық жобасы жоспарлануда.
Өнеркәсіп саласында биылғы 5 айда 426 млрд. 950 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 0,4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 155 млрд. 300 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 18,2 пайызға артты. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары қолға алынатын 89 инвестициялық жобаның 27-сі биыл іске асырылуда.
Ірі жобалардың бірі – қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы. Өңірдің кірпіш өнімдеріне қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз ететін, құны 5 млрд. теңге болатын заманауи кірпіш зауыты іске қосылды. Азық-түлік өнеркәсібінде нан-тоқаш, кондитерлік, макарон өнімдерін өндіру кешені, түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты мен әрқайсысы 2 мың шаршы метр екі шағын өнеркәсіптік аймақ биыл жұмысын бастайды.
Түйе сүтінен алынатын құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісімі аясында толығымен Қытайға экспортталатын болады.Биыл жалпы құны 24,2 млрд теңге, қуаттылығы 90 мегаватт үш күн-электр станциясы іске қосылады. Бұдан бөлек, жыл ішінде жалпы сомасы 553,6 млрд теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы басталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі