Сыр елінде жаңа зауыт жобасы жүзеге асырылуда
![](/uploads/posts/2025-02/medium/1739550297_14.jpg)
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен «Жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауытының» жобасымен таныстырды.
Инвестициялық жобаның құрылтайшысы «Марал-Нұр» ЖШС директоры Мұрат Нұрсаитовтың айтуынша, 15,4 млрд теңге инвестиция салынатын жоба 2 кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезеңде жылына 560 жолаушылар вагонын ағымдағы жөндеу, 180 вагон депо жөндеу кешені жоспарланған. Құрылыс 100% аяқталды, қазір ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алды. Ресейден 60 жабдық жеткізіліп, монтаждалуда. Серіктестік бұған шамамен 3,2 млрд теңге жеке инвестиция салды. Одан бөлек, жобаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 2,2 млрд теңгеге қаржыландырды. Пайдалануға беру 2025 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған.
Екінші кезеңде жаңа технологияларды пайдаланып вагон құрастыратын өндіріс құрылмақ. Ол – жылына 30-40 вагон шығаратын «Қызылорда вагон құрастыру зауыты». Дайындық жұмыстары осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады. Ресейден және ҚХР-дан жабдықтар сатып алуға қажетті 8 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қарастырылуда.
Әрі қарай Премьер-министрдің бірінші орынбасары шағын өнеркәсіп аймақтарындағы жаңа жобалар мен өндіріс алаңдарын аралады. Қызылорда қаласының сол жағалауынан шағын өнеркәсіп паркін салу туралы 2 кәсіпкердің өтінімі мақұлданған. «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» шағын өнеркәсіп аймақтары жобасының техникалық серіктесі – «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Байқоңыр» ӘКК АҚ. Бұл аумақтан ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін шығару жоспарлануда. Сүт өнімдерін, жартылай фабрикаттарды, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін аймақта 10-80 жұмысшы еңбек етеді. Қазіргі уақытта іргетасы құйылып, бағаналары орнатылған.
![](/uploads/posts/2025-02/medium/1739550375_15.jpg)
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі