Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң үстемдігіне қызмет: Судьялар одағының 30 жылдық белесі

Заң үстемдігіне қызмет: Судьялар одағының 30 жылдық белесі

Биыл Қазақстан Республикасы Судьялар одағының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – ел тәуелсіздігімен қатар қалыптасып, құқықтық мемлекеттің іргесін нығайтуға зор үлес қосқан маңызды ұйымның мерейлі белесі.
Осы кезеңде Судьялар одағы сот жүйесінің дамуына серпін беріп, судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдағы сот беделін нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Судьялар одағының басты мақсаты – судьялардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға ықпал ету және заң үстемдігін нығайту болып табылады. Осы бағытта одақ еліміздің сот жүйесіндегі реформаларды қолдап, олардың тиімді жүзеге асуына белсенді түрде қатысып келеді.
Одақтың негізгі міндеттерінің бірі - судьялар қоғамдастығының мүдделерін қорғау және іске асыру. Ал одақтың жоғары органы болып табылатын судьялар съезі кемінде төрт жылда бір рет өткізіліп, қоғам өміріндегі маңызды құқықтық мәселелерге қатысты судьялар қауымдастығының ұстанымын айқындау игі дәстүрге айналған. Судьялар одағы ұйытқы болатын бұл съездерде көптеген маңызды мәселелер талқыланып, өз шешімін тапты.
Бүгінде өткен жылдардың қорытындыларына назар аударсақ, сот жүйесі саласындағы бірқатар күрделі мәселелердің шешіліп, жауапкершілігі жоғары міндеттердің абыроймен орындалғанына көз жеткізуге болады.
Алғашқы съезд 1996 жылдың желтоқсан айында өткізіліп, судьялардың Әдеп кодексі қабылданды. Судьялар одағының іргетасы да осы басқосуда қаланды. Осы съездердің нәтижесінде соттардың қызметі жанданып, материалдық-техникалық әлеуеті артты. Алқабилер сотын енгізу, сот саласына медиацияны қолдану сияқты маңызды бастамалар да осы басқосулардың жемісі. Сондай-ақ, қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің іргетасы Судьялардың VІ съезінде қаланған.
Соңғы жылдары Қазақстанда сот жүйесін цифрландыру, ашықтық пен қолжетімділікті арттыру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Судьялар одағы бұл бастамаларды қолдап қана қоймай, оларды тәжірибеге енгізуде белсенділік танытып келеді. Судьялардың кәсіби даярлығын жетілдіру, халықаралық тәжірибені енгізу, этикалық нормаларды сақтау мәселелері де Судьялар одағының назарынан тыс қалған емес.
Сонымен қатар, Судьялар одағы қоғам мен сот жүйесі арасындағы байланысты нығайтуға ерекше мән береді. Азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру – құқықтық мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі. Осы тұрғыда одақ түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер, турнирлер өткізіп, құқықтық мәдениетті дамытуға үлес қосуда.
Қорыта айтқанда, Судьялар одағы 30 жыл ішінде сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосып, заң үстемдігін нығайтуға қызмет етіп келеді.
Р.Алдамбергенов,
Арал аудандық сотының төрағасы.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
25 сәуір 2026 ж. 127 0