Жақсы іс әріден бастау алады

«Бүгінгі күн кешегі күннің жемісі, ертеңгінің болмысы» дейді дана халқымыз. Еліміздің сот саласында жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларды өз деңгейінде жүзеге асырып, сот төрелігінің дамуы мен сот әділдігінің кәсіби деңгейін көтере білген судьялары мен білікті қызметкерлері бар Қызылорда облыстық сотының құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр.
Сексен бес жылдық тарихы бар облыстық сот ұдайы әділдікті ту етіп келеді. Оның тарихы Қызылорда дербес облыс ретінде жаңадан құрылған 1938 жылдың наурызынан бастау алады.
Сол уақыттан бастап еліміздің бүгінгідей жетістікке жетуіне негіз болған заңдар қабылдау және оның орындалуы үшін білімдері мен біліктіліктерін жұмсаған ардагер судьялардың баға жетпес еңбегін жоғары бағалаған абзал. Сот жүйесінің беделі, жеткен жетістіктері мыңдаған ары мен қолы таза, әділдікті өз өмірінің ақ туындай ұстаған судьялардың еңбегі. Олардың әрқайсысы сот жүйесінің қалыптасуы мен отандық сот әділдігі жолында қалтқысыз қызмет етті.
Заңдылық пен әділдіктің сексен бес жылында облыс соттары небір күрделі, тарихи маңызы бар, тағдырлы істерге сот төрелігін шығарып, түйіні шешілмейтін дауларға мәмілегер болып, еліміздің тұрақты дамуына, адамдардың мемлекетке, заңға сенім артуына ауқымды қызмет атқарды.
Бүгінде сол кісілердің өмір жолын, тәлім-тәрбиесін үлгі-өнеге тұтқан кейінгі буын судьялар корпусы облыстық соттың беделін асқақтатып, кәсіби деңгейінің арқасында азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына, заң үстемдігінің берік орнығуына және сот тәуелсіздігінің нығаюына белсене атсалысып келеді. Сот тәжірибесіне жүргізілген талдаулары мен әдістемелік құралдары әрбір судьяның тәжірибе жинақтауына бағыт береді.
Тарих еншісіне кеткен жылдар ішінде Қызылорда облыстық соты қиындығы мол тарихи кезеңді бастан өткерді. Кешегі қаңтар оқиғасында зәулім облыстық сот ғимараты бүлікшілермен бүлініп, іске алғысыз жағдайға түскенін барлығымыз білеміз. Осы аз ғана уақыт ішінде сот ұжымының ауызбіршілігінің арқасында қарашаңырақ қайта жаңғырып, сәулеті мен сәні келіскен әділдік үйіне айналды.
85 жылдық тарихы бар соттың жұмыстарын жандандырып келе жатқан судьялар корпусы мен мемлекеттік қызметкерлердің алдағы уақытта да еліміздің игілігіне қызмет етіп, сот жүйесіне көптеген жаңалықтар алып келетіндеріне кәміл сенемін!
Камшат Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы