Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің дамуы

Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің дамуы

Тәуелсіздік алған жылдары сот жүйесі биліктің толыққанды бір тармағы болып қалыптасып, реформалау жұмыстарын алғашқылардың бірі болып бастап кеткен еді. Бүгінде қажырлы жұмыс өз жемісін беріп, белесіміз биіктей түсті десек артық айтқан болмас.
Осы уақыт аралығында қолданысқа жаңа институттар енгізілді, жаңа заңдар қабылданып, судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты.
Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында «электронды сот төрелігі» дамыды, республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды, бес сатылы сот жүйесі үш сатылы сот төрелігіне көшті.
Сот жүйесінде заманауи технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Жаңа технологиялар азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
«Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасын жүзеге асыру аясында сот-құқықтық жəне заң шығару реформаларының арқасында отандық сот жүйесін модернизациялау бағытында бірқатар маңызды қадам жасалды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған жаңа заңдар қабылданды.
Заңдық, кәсіби біліктілік тұрғысынан ғана емес, сот саласы материалдық, әлеуметтік жақтан да анағұрлым артты. Судьялар қызметіне қатысты қарапайым қалам-қағаздан бастап, зәулім ғимаратқа, қызметтік автокөлікке, заманауи техникалық құрылғыларға дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік шешімін тапты.
Бүгінде сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді деп сеніммен айта аламыз.
Айтылған жетістіктеріміз бен айқын мақсаттарымыз, сөз жоқ, тәуелсіздік деп аталатын қасиетті құндылығымыздың нәтижесі.
Сондықтан да, еліміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың жақсы тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі – Тәуелсіздігіміздің мерейі әрдайым үстем болғай.

Арал аудандық сотының төрағасы
Садуақасова Камшат Ашимқызы.
15 желтоқсан 2022 ж. 411 0