Тәуелсіздік – мақтанышымыз!

Расымен де, азаттықтың ақ таңы атқалы жоғалтқанымыз түгенделіп, барымыз бүтінделген жайымыз бар. Ғасырға бергісіз ширек ғасырдан сәл астам уақыт ішінде еліміз әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестірген болашағы кемел елге айналды.
Бүгінде Қазақ елі – мемлекеттік шекарамен айқындалған аумағы, дербес Конституциясы, сыртқы және ішкі саясаты, төл экономикасы, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі бар, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз мемлекет.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар ішінде барлық сала ілгерілеп, толысты. Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын тәуелсіз сот жүйесі құрылды.
Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады. Сондай-ақ, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік т.б. заңдар жаңарып, тергеу судьясының өкілеттіктері кеңейтілді.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына, сондай-ақ сот процестеріне келіп қатыспай-ақ қашықтықтан қатысуына жол ашты.
Отандық сот жүйесінің даму қарқынына шетелдік әріптестеріміз де оң бағасын беріп, көтерілген бастамалардың қай-қайсысына да қызығушылық танытып отыр.
Айтылған жетістіктеріміз бен айқын мақсаттарымыз, сөз жоқ, тәуелсіздік деп аталатын қасиетті құндылығымыздың нәтижесі.
Тәңірдің үлкен сыйы болған тәуелсіздігіміз баянды, тұғырымыз орнықты болып, көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін!
Г. Нұрымбетова
Арал аудандық сотының судьясы