Қастерлі мереке

Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар ішінде барлық сала ілгерілеп, толысты. Мұндай жетістіктерді қазақстандық сот құрылымынан да байқауға болады. Егемендіктен бері судьялардың 8 съезі өтті. Бұл шаралардың қоғам, мемлекет үшін маңызы өте зор. Бүгінде сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді.
Соттарда Ұлт Жоспарының барлық қадамы табысты іске асырылды, «электронды сот төрелігі» дамуда, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
Әлем елдері алдында асқақ абырой мен биік беделге ие болған мемлекетіміздің әлі де атқарар жұмысы алда. Еркіндіктің бастауы болған бұл мәртебелі күн ғасырлардан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін демекпін.
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
Сермағамбетова Зина Сағитжанқызы