Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік - ел тұғыры!

Тәуелсіздік - ел тұғыры!

Еліміздің ең басты ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – қай уақытта болмасын кез-келген халықтың ең басты құндылығы. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан халқы мемлекеттілікті құру жолындағы өзінің аса маңызды қадамын жасап, тәуелсіздігін жариялады. Осы сәттен бастап Қазақстан және барша қазақстандықтар дамудың дербес жолын бастады.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында, тарихи өлшеммен алғанда, қысқа мерзім ішінде республикамыз демократиялық, құқықтық және экономикалық тұрғыдан қуатты мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдары ішінде біз көптеген қиындықтарды, экономикалық дағдарыстарды, халықаралық және өңірлік сын-қатерлерді лайықты еңсердік.
Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде заманауи құқықтық мемлекеттің барлық институттары қалыптасты.
Осы ретте сот жүйесі де ел дамуына сүбелі үлес қосуда. Соттарда Ұлт Жоспарының барлық қадамы табысты іске асырылды, «электронды сот төрелігі» дамуда, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Бүгінде республика соттары заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттерді толығымен орындауда.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен  сот қызметі ашық, жедел,  қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты. Осылайша, отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежедегі беделі артып, біздің жүйедегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдік әріптестеріміздің тарапынан қызығушылық тудырды.
Бүгінгі таңда сот жүйесі сот төрелігінің жеті түйіні шеңберінде белсенділікпен жаңғыртылу үстінде. Жоғарғы Сот тарапынан «Сот төрелігін дамытудың жеті түйіні» деп аталатын ауқымды бағдарлама жасалып, әр түйін бойынша жаңа жобалар іске қосылды. Сол жобалардың ішіндегі «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобаларының жетістігі мен тиімділігін аз уақытта көріп отырмыз. Сот реформалары одан әрі де жалғасатындығын атап өткен жөн.
Айтылған жетістіктеріміз бен айқын мақсаттарымыз, асыл мұраттарымыз, сөз жоқ, тәуелсіздік деп аталатын қасиетті құндылығымыздың нәтижесі. Әлем елдері алдында асқақ абырой мен биік беделге  ие болған мемлекетіміздің әлі де атқарар жұмысы алда.
Еліміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың жақсы тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі – Тәуелсіздігіміздің мерейі әрдайым үстем болғай.
Зина Сағитжанқызы Сермағамбетова,
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.
12 желтоқсан 2019 ж. 1 787 0