Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткенді қадірлей білетін, болашағымызға сенетін елміз

Өткенді қадірлей білетін, болашағымызға сенетін елміз

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала жариялады.
Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.
«Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы - Қазақстанның тарихи табыстарын зерделеу құжаты. Ал Тәуелсіздіктің қастерлі тарихын пайымдау – бүгінде қоғамымызда берік орныққан ұлы дәстүр. Қазақстанның бүкіл әлем танып, жоғары бағалаған, өз халқы мақтан тұтып, көздің қарашығындай сақтап құрметтейтін күні.
Бұл табыстарға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің көреген де сара басшылығымен жеттік.
Халқымызда «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды» деген сөз бар. Еліміздегі кімнің болса да жерасты еңбегінен ғарыштық даңққа дейінгі аралықтағы мерейлі табысы Тәуелсіз мемлекетіміздің жемісі екенін айту азаматтық ниетіміздің адалдығын білдірмек. Біздердің, қазақстандықтардың, бағымыз да, құтымыз да – ұлы Тәуелсіздігіміз. Ел Тәуелсіздігін бағалап, қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа абыройын асқақтатып аманат етіп тапсырып отыру парызы – бәріміздің де бақытымыздың қайнар көзі. Ол Қазақстан тағдырымен әрқайсысымыздың тағдырымыздың біртұтас бірлігінен туындайды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тұғырының беріктігі мен елдігіміздің тұтастығы Елбасымыз, егеменді еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екендігі баршамызға аян. Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ десек, Елбасы Н.Ә.Назарбаев бүкіл саналы ғұмырында Қазақстан халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратымен еңбек етті. Өткенімізді саралай қарасақ, Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, беделді де абыройлы, әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енді.
Темір БИСЕМБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты
09 желтоқсан 2021 ж. 477 0