Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Тұңғыш Президент күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Тұңғыш Президент күнімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!
Баршаңызды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – барша халықты  ынтымақ пен бірлікке бастайтын ерекше күн.
Биыл ұлтымыздың ұлы бақыты – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесі. Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан сәттен бастап еліміз күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды. Мемлекетіміздің бұл жеткен жетістігі мен шыққан биігі – бірлігіміз бен тұтастығымыздың беріктігін айғақтайды. Елбасының Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұлға екені уақыт сынынан өтіп, айқындалды. Себебі, еліміздің барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығы мен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде келді. Сондықтан бұл мереке – тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызы мол, тарихи тағылымы терең мейрам.
Елбасы біздің Арал өңірі үшін де әркез ерекше ықыласын танытты. Елбасының қолдауымен бір кездері суы тартылып, аңқасы кепкен Арал теңізі бүгінде қайта қалпына келді. Ежелден тіршілігі теңізбен байланысқан өңір тұрғындарына ата кәсібі балық шаруашылығымен қайта қауышуға мүмкіндік жасады.
Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып, өнеркәсіп өндірісі, шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, құрылыс салаларында жылдан жылға берекелі тірліктер жүзеге асырылып келеді.  
 Қадірлі ағайын!
Біздің басты мақсатымыз – мемлекетіміздің құндылықтарын қастерлеу, келешек ұрпаққа басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың туын биік ұстап, табыстау.
Осынау мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!
Еліміз аман, елдігіміз берік болсын!
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі С. Сермағамбетов
01 желтоқсан 2021 ж. 412 0