Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ АШЫҚТЫҒЫ

СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ АШЫҚТЫҒЫ

Сот-мемлекеттегі әділдіктің айнасы. Елдегі туралықтың таразысы да сот болып табылады. Бұл қағиданы өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Кеңес дәуіріндегі сот пен тәуелсіз ел түлеткен бүгінгі сот саласын қазір мүлде салыстыра алмаймыз. Уақыт өзгерткен бұл құрылымның бүгінде жұмысы жұмырланған.
Тәуелсіздік жылдары сот жүйесі түрлі реформаларды басынан өткеріп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасты. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізілді.Сот процесінің ашықтығы мен жариялылығы іс бойынша соттың әділ шешім қабылдауына септігін тигізері сөзсіз. Істі қараудың нақты негіздерінің бірі – жариялылық. Жалпы өзге шет мемлекеттермен салыстырғанда, сот процесінің жариялылығын қамтамасыз ету біздің мемлекетімізде бүгінгі күні дұрыс жолға қойылып отырғанын баса айтуға болады. Тіпті осы орайда, біздер дамыған мемлекеттерді озып, алға шықтық десек те артық айтқандық емес. ҚР-ның Қылмыстық-процестік кодексінің 29-бабындағы және Азаматтық процестік кодексінің 19-бабындағы сот талқылауының жариялылығы, ашық сот процесстеріне еркін түрде кәмелетке толған кез келген азаматтардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысып, жазу құралдары арқылы жазбалар жасауға мүмкіндік береді.
Ашықтық пен жариялылық, ақпаратқа қолжетімділік тетіктерін жетілдіру бағытында сот жүйесінде түрлі электронды технологиялық жаңалықтар енгізіліп, бүгінде халық игілігіне қызмет көрсетуде.
Сот жүйесі қызметінде «Сот кабинеті», «Үн-бейне жазба құралын қолдану» сынды тетіктер сот ісінің ашықтығына және қолжетімділігіне орай енгізілген. «Сот кабинеті» - бұл электрондық ақпараттық сервис, ол сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе, сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған. Олай дейтініміз, азаматтар мен заңды тұлғалардың кез-келген өзіне ыңғайлы уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режимінде «Сот кабинеті» интернет-сервисі арқылы электронды түрде өз талаптарын жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Ұлт жоспарында көрсетілген барлық сот процестеріне бейне және дыбыстаспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу жұмыстарын, сот жүйесіне енген жаңашылдықтардың тағы біріне жатқызуға болады. Қазіргі таңда Республика соттарының залдары дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталған. Бұл тетік - сот ісін жүргізу реформасының институционалды жүйесінің жетілген қадамының бірі. Шын мәнінде, кез-келген сотта қаралған іс үн-бейне жазба құралымен жасақталады. Оны судьяның тоқтатуға, редакциялауға мүмкіндігінің болмауы азаматтардың сот отырысындағы жауаптылығын көтеріп, төреліктің әділ шығатынына сенімін бекітті.
Қазақстанда демократиялық бағыттағы дамыған сот жүйесін құруда көптеген батыл қадамдар жасалуда. Осы бағытымыздан таймасақ, Қазақстан 30 дамыған мемлекеттің ортасынан табылатынына сенеміз.
Л.Ажигулова,
Арал аудандық сотының бас маманы.
02 қазан 2020 ж. 1 066 0