Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі азаматтың өмір жолы бізге үлгі-өнеге

Өнегелі азаматтың өмір жолы бізге үлгі-өнеге

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесі дамудың даңғылына түсіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуде, даулы істерде «тура бидей» болып отырса да, оған бір күнде қол жеткізген жоқпыз. Еліміздің сот жүйесінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген ардагерлердің қажыр-қайраты бұл іске сүбелі үлес қосты. Сондай ардагерлердің бірі – Елтай Сматұлы ағамыз.
Елтай Сматұлы саналы ғұмырының 34 жылын сот саласына арнаған азамат. 1950 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген ол, орта мектепті үздік тәмамдады. Әкесі тура жолдан таймаған, шыншыл адам болатын. «Балам, бұл өмірде адамға қолдан келсе жақсылық жасағаннан артық ештеңе де жоқ. Пенде ешкімге сөзімен де, ісімен де зиянын тигізбеуі керек. Адамның жаны таза болу керек». Сонда ғана ісі оңды болады» деп, өмірден көрген-түйгендерін әңгімелеп отыратын, шешендік сөздерді айтуға шебер сұңғыла–тұғын. Осындай тәрбиемен ержеткен ол армандаған мамандығына қол жеткізу мақсатында Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Жоғары білімді, жігерлі де білімді жас жігіт еңбек жолын Қызылорда облыстық Әділет басқармасында аға консультант болып бастады. 1979 жылдан облыстық соттың судьясы қызметін абыроймен атқарған сот сардары 1996 жылдан бастап облыстық соттың мүшесі
Елтай Сматұлы – үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қарап, мәдениетті қалпынан бір таймаған азамат. Әріптестері арасында сыйлы, тәжірибелі де білікті сот саңлағына облыс жұртшылығы «нағыз тура би» деп бағасын да берген еді. Әділдікті ту еткен жанға халықтың бұл пікірінен артық қандай марапат керек? Өзінен кейінгі буынға әрқашан тәжірибесі мен ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын азаматтың адамгершілік қасиеттері мен көпшіл мінезінің өзі біздер үшін үлкен тәрбие. Көзіміз де көрді, естігеніміз өз алдына. Талай жанның Елтай Сматұлына алғысы мен ризашылығын шынайы көңілмен жеткізіп жатқанын көргенде, «нағыз судья осындай болу керек» деп еріксіз ойға түскеніміз де бар.
Сот саласынан мол тәжірибе жинақтаған Елтай Сматұлының жеткен жетістіктері мен еңбегіне орай алған марапаттары да мол. Отыз жылдан астам уақыт мәртебелі судья қызметін абыроймен атқарып, әріптестері арасында биік беделге ие болып, сый-құрметке бөлену – кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін үлкен сый. Кезінде тәлімін көрген жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етіп жүр.
– Қоғам дамыған сайын, уақыт талабына сай сот жүйесі де жетіліп келеді. Судьялардың жауапкершіліктерінің күшейтілуі зор білім мен біліктілікті талап етеді. Соған сай жұмыс істеу – ізбасар буынның міндеті, – дейді, 2013 жылы еңбек демалысына шықса да, өз саласының жаңалығын қалт жібермейтін ардагер.
Алдыңғы буын ағалардың өнегесі қашанда құнды. Әділдікті ту етіп, халықтың шынайы ризашылығына бөленген ардагер ағаның өмір жолы – біздерге үлгі.
Арал аудандық сотының
судьясы Н.Бекетаев
28 маусым 2018 ж. 1 510 0