Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты құндылық

Басты құндылық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлттық құндылықтарға айналған басты нышандар жайлы айтты. Әсіресе «Тәуелсіздік» дейтін ұлы бақыттың қазақтың бағына оңай бұйыра салмағанын ашық көрсетті. Оны баянды ету жолындағы басты құндылықтардың маңызды екені айтылды. Шындығында, біз тәуелсіздік жылдары ішінде көптеген қиындықтарды, экономикалық дағдарыстарды, халықаралық және өңірлік сын-қатерлерді лайықты еңсердік. Ғасырға бергісіз осы 30 жылдың ішінде дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем мойындады.
Тәуелсіздіктің арқасында көк байрағымыз көгімізде желбіреп, егемен елдің рәміздері белгіленді. Тіліміз бен дініміз қайта оралып, елдігіміз танылды. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, қазақты әлемге рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан да – Тәуелсіздік.
Мемлекет басшысы мақаласында: «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес», – деген болатын.
Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар ішінде барлық сала ілгерілеп, толысты. Мұндай жетістіктерді қазақстандық сот құрылымынан да байқауға болады. Егемендіктен бері судьялардың 8 съезі өтті. Бұл шаралардың қоғам, мемлекет үшін маңызы өте зор. Бүгінде сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді.
Соттарда Ұлт Жоспарының барлық қадамы табысты іске асырылды, «электронды сот төрелігі» дамуда, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
Әлем елдері алдында асқақ абырой мен биік беделге ие болған мемлекетіміздің әлі де атқарар жұмысы алда. Еркіндіктің бастауы болған бұл мәртебелі күн ғасырлардан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін демекпін.
Зина Сермағамбетова,
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
19 қаңтар 2021 ж. 904 0