Баянды белес

Алтай мен Атыраудың арасын қоныс еткен халқымыздың шұрайлы жеріне көз тіккен жаулар аз болған жоқ. Бұл тарихтан белгілі. Жаугершілікпен өмір кешкен бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалды. Бірақ дәуір алмасып, замана көші жылжыған сайын елімізді меншіктегісі келгендер саны көбейді. Менделеевтің барлық элементі толы минералды байлыққа бай жердің кімді болса да қызықтырмай қоймасы анық.
Тәуелсіздік жолындағы соңғы төңкеріс ретінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын атауға болады. Бұл рухы өр, намысы биік қазақ жастарының жұмылып жұдырық болуының арқасында қол жеткізген ұлы мұрат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толатынын атап өтті.
– Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек, – деді.
Желтоқсанның жаңғырығы талай жанның жадында. Бұл оқиға қазақ жастарының ұлттық мүддені бірінші орынға қоятындығын дәлелдеді. Осынау оқиғаның арқасында халқымыз азаттыққа қол жеткізді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңайға түспегені белгілі. Бұл кезең барлық жағынан қайта түлеу кезеңі болды. Сол кезде егжей-тегжейлі зерттеліп қабылданған шешімнің арқасында мемлекет өзінің алдына қойған миссиясына қол жеткізді.
Бұл кезең – өткеніміз бен бүгінімізді саралап, болашаққа жоспар құратын кез. Тәуелсіздіктің отыз жылдық белесін бағындырған еліміздің алда алар асуы көп-ақ. Осыны саралайтын Президент мақаласы елдің рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарымыз бен мемлекеттік мүддені жетілдірудің шамшырағы болды.
Назерке Марат,
Арал қаласы