Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың аудан тұрғындарын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың аудан тұрғындарын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!Сіздерді еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – киелі жеріміз бен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың асқақ армандарының орындалған күні. Бұл күн – өз болашағымызды өзіміз айқындауға қол жеткізген ұлы күн! Сондықтан да тарихы тереңде жатқан 16 желтоқсан біз үшін қасиетті күн!

Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау 29 жылда бағындырған белестері, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан. Соның ішінде 80 мыңға жуық жерлесіміз өмір сүріп жатқан айдынды Аралымыздың алар орны айрықша.

Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті.
Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 29 жыл толды. Осынау Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді тізбелесек, айтып тауыса алмасымыз анық.

Тәуелсіздік сіздер мен біздер үшін және ізімізді жалғастырар жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық.
Бүгінде көпұлтты Қазақстан халқы ұлы мұратқа бет алды. Татулық пен тұрақтылық орныққан ортақ Отанымыз – Қазақстан ынтымақтың ұясына, татулықтың төріне айналды. Сондықтан айтулы мереке әрбір қазақ азаматының жанына жақын, жүрегіне ыстық.

Ардақты ағайын!

Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Елбасы атап көрсеткендей, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт! Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз – Сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі.

Азаттық рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңыз шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев 

15 желтоқсан 2020 ж. 804 0