Көлік үйрететін келіншек
Қазіргі қоғамда көлік жүргізуді білу – жай ғана қажеттілік емес, үлкен жауапкершілік. Әсіресе, жолда тәртіп пен қауіпсіздікті сақтайтын сауатты жүргізуші дайындаудың маңызы зор. Осы бағытта еңбек етіп жүрген жас кәсіпкер, көпбалалы ана Назым Қарарова.Әкенің аманатын жалғаған ару
Кейде адам өміріндегі таңдаулар жүректегі сағынышпен, өткеннің ізімен байланысып жатады. Назым Әбдісаметқызы үшін автомектеп ашу – жай ғана кәсіп емес, әке аманатын жалғау, бала күнгі арманды жүзеге асыру.
Бүгінде 29 жастағы үш баланың анасы көлік жүргізуді үйрету арқылы көптеген қыз-келіншектердің сенімді түрде рөлге отыруына себепкер болып жүр. Оның айтуынша, басты мақсат – тек көлік айдауды үйрету емес, мәдениетті, сауатты әрі тәртіпті жүргізуші тәрбиелеу.
Өзі туралы сөзінде кәсіп иесі:
– Көлікке бала күнімнен өте жақын болдым. Бұған себеп – атам мен әкемнің осы саламен айналысуы. Әкемнің жеке автомектебі болған. Өкінішке қарай, әкеміздің өмірден өткеніне биыл 10 жылдан асты. Сол кезде мен небәрі 15 жастағы қыз едім. Әкем кеткеннен кейін автомектеп те жабылып қалған болатын. Кейде әр нәрсенің өз уақыты болады ғой. Бәлкім, осы күннің бұйырғаны шығар деп ойлаймын, – дейді
Тек көлік жүргізуді үйрету емес, алдымен мәдениетті, сауатты, тәртіпті жүргізуші дайындауды мақсат етіп отырған келіншек әрбір үйренушіге сапалы білім беріп, жол ережесін дұрыс меңгертуге күш салады. Себебі дәл қазіргі таңда жолдағы қауіпсіздік өте маңызды. Осыдан-ақ жауапкершілікті бірінші орынға қойып отырғанын аңғару қиын емес.
Бұл кәсіп тек қызығушылықтан немесе аяқ астынан басталған жұмыс емес. Тәжірибенің негізінде бастау алған бастама. Оған дәлел Назымның "Соңғы жарты жылдың ішінде қасымдағы қыз-келіншектерге көлік жүргізуді үйрете бастадым. Кейін олар бір-біріне айтып, үйренгісі келетін адамдар көбейе түсті. Сұраныс көп болды. Бірақ ресми құжат жүзінде болмағандықтан, сертификатты қайдан алу керектігін айтып, басқа қалаларға бағыттап жүрдім. Бір күні: «Неге осы сертификатты өзім бермеске?» деген ой келді. Содан кейін осы істі бастауға бел будым" деген сөзі дәлел бола алады.
Назым Қарарова бүгінде тек өз жұмысын дөңгелетіп қана қоймай, жұмыссыздық мәселесінің де шешімін табуға септігін тигізіп отыр. Қазірдің өзінде көлік жүргізуді толықтай үйрететін бір мұғалімі бар. Ол күн сайын 2 сағатын курсанттарға теориялық сабақ өткізуге арнайды.
Иә, бүгінде нәзік жандылардың көлік тізгіндеуі қалыпты құбылысқа айналды. Алайда, рөлге отырған әр адам жол мәдениеті мен жауапкершілікті терең сезінуі керек. Осы бағытта еңбек етіп жүрген Назым Әбдісаметқызы секілді жастардың бастамасы – қоғам үшін маңызды қадам. Әке жолын жалғап, халыққа қызмет етуді мақсат еткен жас кәсіпкердің еңбегі көпке үлгі болары анық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










