МӘМС аясында 30-дан астам күрделі ота жасалды
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңірде 34 жағдайда жасалған жоғары технологиялық медициналық оталарға 282,4 млн теңге бағытталды.Бүгінде медицина саласында заманауи жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын күрделі оталар мен медициналық манипуляциялардың маңызы артып келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ай сайын кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология және жалпы хирургия және басқа да бағыттар бойынша ондаған жоғары технологиялық оталар жасалуда. Осындай бір отаның орташа құны 8,3 млн теңгені құрайды.
Филиал директоры Жақсылық Абдусаметовтың айтуынша, өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артып, көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып келеді.
«Бүгінде өңірде жүрек пен қан тамырларындағы, жүйке жүйесіндегі, есту және көру қабілеттеріне қатысты ауруларды емдеуге, сондай-ақ нәрестелердің туа біткен ақауларын түзетуге арналған заманауи оталарды жасау мүмкіндігі бар», – деді филиал басшысы.
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында:
- 26 кардиохирургиялық оталар жасалып, оған 226,4 млн теңге төленді;
- 7 нейрохирургиялық оталар орындалып, жалпы құны 48,9 млн теңгені құрады;
Аталған медициналық қызметтердің барлығы МӘМС жүйесі аясында қаржыландырылады. Нәтижесінде сақтандырылған азаматтар үшін қымбат әрі күрделі оталар тегін әрі қолжетімді болып отыр.
Жоғары технологиялық медициналық көмек күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында көрсетіледі. Бұл пациенттерге заманауи емдеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беріп, ауыр диагноздар кезінде өмір сапасын жақсартуға және ұзартуға жағдай жасайды.
Еске сала кетсек, 2025 жылы МӘМС жүйесі аясында Қызылорда облысында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуы - өңірлік денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың өмірін сақтап қалуға және сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.









