Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметтегі сенімді серік

Қызметтегі сенімді серік

Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі десек, бұл жолда тек адамдар ғана емес, табиғаттың ерекше жаратылысы – иттер де адаммен қатар қызмет атқарады. Әсіресе, құқық қорғау саласында кинолог мамандар мен олардың қызметтік иттері – қылмыстың алдын алуда, қауіпті заттарды анықтауда таптырмас көмекші. Ит пен адамның арасындағы сенімге, төзімге, күнделікті еңбектің нәтижесіне құрылған бұл сала – үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Арал қаласының тумасы Дәуренбек Жаңайбекұлы. Оның кинология саласындағы тәжірибесі мен жетістіктері – бұл мамандықтың қаншалықты маңызды әрі күрделі екенін айқын көрсетеді.
Ол өз еңбек жолын 2017 жылы ішкі істер органдары жүйесінде күзет қызметінен бастаған. Ал 2020 жылы ол өз қалауымен ОПД КҚО – кинологиялық қызмет орталығына ауысып, қызметтің жаңа, күрделі әрі қызықты бағытын таңдады.
Кинолог болу – шыдамдылық пен табандылықты, жан-жануар психологиясын терең түсінуді қажет ететін мамандық. Дәуренбек те бұл жолды оңай таңдаған жоқ. Ол өзінің қызметтік иті – Боссты күшік кезінен бастап өзі тәрбиелеп, арнайы жаттығулар арқылы есірткі заттарын іздеуге бейімдеді.
– Күшікті үйрету барысы әдетте алты айдан бір жылға дейін созылады. Алғашқы кезеңде итке негізгі пәрмендер үйретіледі. Мысалы, «жат», «тұр», «отыр», «жаныма кел». Кейіннен әр ит өзінің бейімділігіне қарай белгілі бір бағытқа бөлінеді. Мәселен, кейбір иттер есірткі заттарын іздеуге, енді бірі жарылғыш заттарды анықтауға, із кесуге немесе шабуылдаушы қызметке дайындалады, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің қызметтік иті – есірткі заттарын іздестіруге арналған арнайы дайындықтан өткен. Кинолог пен иттің арасындағы үйлесімді жұмыс – үлкен нәтижелерге жеткізді. Қазіргі таңда олар Қызылорда облысы аумағындағы түрлі бекеттерде қызмет атқарып, қылмыстың алдын алуға белсенді үлес қосып келеді. Тек биылғы жылдың өзінде олардың көмегімен есірткіге қатысты 21 қылмыстың жолы кесілген.
Айта кетерлігі, Дәуренбектің бұл салаға келуіне бала күнгі қызығушылығы себеп болған. Ол кішкентайынан ит асырап, оларды бағып-күтуді үйренген. Отбасында да итке деген сүйіспеншілік ерекше болған. Осылайша, бала кездегі қызығушылық уақыт өте келе кәсіби мамандыққа айналды.
Кинологтың жұмысы сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Алайда күнделікті жаттығу, иттің денсаулығын бақылау, оның психологиялық күйін сақтау – үлкен жауапкершілік. Әрбір тапсырма – қауіпті. Себебі есірткі заттарын іздеу барысында түрлі тәуекелдер кездеседі. Сондықтан кинолог пен ит бір-біріне толық сенуі тиіс.
Кинолог мамандығы – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше орын алатын жауапты қызмет. Бұл салада еңбек ету үшін тек кәсіби білім ғана емес, жануарларға деген сүйіспеншілік, шыдамдылық пен табандылық қажет. Дәуренбек Жаңайбекұлының еңбек жолы – осының айқын дәлелі.
Ол өз ісіне адал, қызметтік итін сенімді серікке айналдыра білген маман ретінде құқық қорғау саласына зор үлес қосып келеді. Босс секілді қызметтік иттер – қоғам тыныштығын күзетіп тұрған нағыз көмекшілер.
Гүлмарал Сақтапова
23 мамыр 2026 ж. 40 0