Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағы криминалист еш нәрсені қалт жібермейді

Қырағы криминалист еш нәрсені қалт жібермейді

Ел болған соң тәрбие мен тәртіп қатар жүруі қажет. Бұл кез келген қоғамның, кез келген мемлекеттің, уақыттың бұлжымас заңдылығы. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтып кеткен қазақ халқы осы сөздің мағынасын тереңнен түсінгендігі анық аңғырылады. Ғасырлар бойы аңсап, талай алдыңғы буын ұрпақтың қолына тимей, басына қонбай кеткен азаттық дейтін бақыт құсы елімізге ұялағанда бірінші кезекте сол теңдессіз құндылықты сақтап қалуды ойлауымыз қажет. Өйткені бүгінгі бейбіт заман мен күдіксіз кешкен күнімізден бағалы ештеңе жоқ.
Ал осы тәуелсіздіктің туын қайтсек құлатпай ұстаймыз деген сауалдың бірден бір шешімі, ол – тыныштық пен тұрақтылық. Ал осы елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтау әлбетте құқық қорғау қызметкерлерінің басты міндеті. Аса жауапкершілікті міндетіне алып, сол мақсатта адал қызмет ете білетін жандардың еңбегі өлшеусіз.
Бірақ полиция қызметкерлерінің барлығы бір ғана бағытта жұмыс істейді деген түсініктен алшақ болған дұрыс. Сала бір болғанымен өздеріне міндеттелген тапсырма бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі. Соның ішінде құқық қорғау қызметін криминалистика саласынсыз болмайтынын айта кеткен орынды. Өйткені криминалистика ең күрделі жұмыс. Кез келген қылмысты ашуда олардың маңызы зор. Сондай-ақ мұндай іс екінің бірінің қолынан келмейді. Таңдаулы қызметкерлер ғана криминалистикамен айналысады. Оларды дайындаудың барысы да өте күрделі. Бүгінгі менің айтпағым да криминалистиканың қыр-сырын жетік меңгеріп, осы бағытта өте табысты еңбек еткен ішкі істер саласының ардагері Ғалымжан Әділов жайында болмақ.
1967 жылы Арал қаласында дүниеге келген ол әскери борышын адал атқарып, 1987 жылдан бастап ішкі істер қызметіне орналасты. Арал аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы күзет бөлімшесінің милиционерінен бастап, 1989 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің патрульді бекетінде милиционер болды. 1999 жылы жедел-криминалистика тобының инспекторына ауысқан бол 2006 жылы аға инспектор ретінде тағайындалды. Бірнеше жылдық еңбек уақытында тек жақсылығымен көзге түскен Ғалымжанның есімі құқық қорғау саласында өзіндік орны бар азамат ретінде аталады. 2012 жылдың шілдесінде "Полиция майоры" шенімен зейнетке шыққан ардагердің сол уақыттардағы қызметтік тапқырлы, қылмыстың ізін суытпай ашудағы шеберлігі мен жауапкершілігі жайлы әркез айтылып жүр. Кейінгі буын өкілдеріне де оның ісі мен сөзі, ұстанымы үлгі болып келеді.
Ғалымжан Қожахметұлы қызметтік уақытында ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен, І, ІІ,ІІІ дәрежелі "Ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін" медальдарымен, "Милиция үздігі" төсбелгісімен және көптеген алғыс хаттармен марапатталған. Осының өзі Ғалымжанның қаншалықты білікті болғандығын айна қатесіз көрсетіп тұрғандай.
Спорт – полицейдің айнымас серігі демекші Ғалымжан да қызмет пен спортты қатар ұстай білді. Облыстық, аудандық спартакиадаларда жүлделі орындардан көріне білген ардагеріміз бір бойына бірнеше өнер мен азаматтық тән қасиет қонған жан. Қызмет жайында сұрай қалсаңыз "Бұл салада қызмет атқару ең бастысы шыдамдылық пен төзімділік керек. Көп оқып, көп іздену қажет. Мен де қызмет атқару уақытында өзіме жүтелген абыройлы міндетті үлкен жауапкершілікпен атқардым деп ойлаймын" деп өзіне ғана тән қарапайымдылығын анық аңғартады.
Міне осындай ерекше болмыстың арқасында қызметтік абыройын да сақтай білген ардагер полицейдің өмірдегі, еңбектегі жолынан әркез үлгі алуымыз қажет.
А.БАЙОРАЗОВА,
Арал ауданы полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі
21 маусым 2023 ж. 201 0