Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенбілік: Тазалық – мәдениеттің өлшемі

Сенбілік: Тазалық – мәдениеттің өлшемі

Тазалық пен тәртіп егіз ұғым. Яғни, тәртіп бар жерде тазалық болады, ал тазалық болған жерде тәртіптің де жүретіні анық. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», - демекші, бүгінгі өткізілген сенбілік барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов тазалық мәселесінде темірдей тәртіп керек екендігін қатаң ескертті. Әйтпесе, халықтың өзіндік санасымен, ақыл-парасатымен тазалық пен тәртіпсіздікке тоқтау салатын түрі жоқ.

Аудан орталығында ұйымдастырылған тазалық шарасы әдеттегідей арнайы бөлініс кестесіне сәйкес өткізілді. Осы орайда аудан басшысы аудан орталығындағы тазалықты ретке келтіру бағытында жасақталған 8 сектор бойынша аралап, әр аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Арал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ринат Жанаев қала аумағындағы жоспарлы тазалық жұмыстарының барысын баяндап, жеке-жеке талдап өтті.

Аралау барысында өткен аптада ғана қаншама еңбекпен тазартылған аумақтарға қоқыс қалдықтары қайта тасталғаны белгілі болды. Бұл көрініске куә болған аудан әкімі әр аумақ бойынша бөлінген учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына көңіл толмайтындығын жеткізді.

-Бірінші кезекте жергілікті тұрғындарымыздың игілігі үшін біз әр сенбі сайын үздіксіз сенбілік шараларын жүргізіп келеміз. Осы кезге дейін қаншама аумақ қоқыстан тазартылып, реттелгеніне тегіс куәсіздер. Енді осы тазартылған аймақтарды бүлдіртпеу бірінші кезекте полиция қызметкерлерінің қолында екендігі даусыз. Сондықтан, әр аумақтың тазалығын көздің қарашығындай сақтап, тәртіпті бұзған тұрғындарға қатаң шаралар қабылдауды тапсырамын. Туған өлке тазалығына немқұрайлы қарайтындарға еш аяушылықтың қажеті жоқ. Темірдей тәртіп болмайынша бұл жұмыс өнбейтінін естен шығармаңыздар,- деген аудан басшысы әрбір тұрғын үй бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды тиісті мекеме арқылы арнайы полигонға төктіру бағытында жүйелі жұмысты үйлестіруді тапсырды.

Айта кетейік, аудан орталығынан бөлек кент, ауылдық округтерде де өткізілген сенбілік шарасына жалпы 900-ге жуық мемлекеттік мекеме қызметкерлері атсалысып, 22 арнайы техника көмегімен 89 тонна лас-қоқыс тиісті орындарға шығарылды.




Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

16 қазан 2021 ж. 712 0