Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

Бүгін аудан әкімі М.Оразбаевтың төрағалығымен көктемгі санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығының барысы бойынша арнайы штаб отырысы өткізілді. Жиының күн тәртібінде санитарлық тазалық мәселесі, әсіресе, аудан орталығының бұл тұрғыдағы жай-күйі сарапқа салынды. 
Осы орайда, алғашқы баяндаманы Арал қаласы әкімінің орынбасары П.Берсүгіров жасап, тазалық мәселесіндегі маңызды көрсеткіштерді слайд түрінде штаб мүшелерінің назарына ұсынды. Баяндамашы келтірген мәліметтерге сүйенсек тазалықты ретке келтіру жұмыстары ширай түсіп, аудан орталығында 7 рет жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылған. Сенбілік барысында қала ішіндегі қоқыс үйілген аумақтармен қатар, қаланың сыртқы аймақтары, базар аймағы мен темір жол жиектері, қалаға кіре беріс қақпа сынды бірқатар маңайлар қоқыстан тазартылған. Сонымен қатар, қала аумағындағы 11 сорлы аймақ, 7 бейіттің айналасы, скверлер мен алаңдар тазаланып, тұрмыстық қалдықтар мен лас-қоқыстар арнайы орынға шығарылған. Бұдан бөлек, «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» біріңғай республикалық акциясы аясында жасыл желекті аймақтарға 1500 түп тал көшеттері егілген.
Иә, тазалық айлығы барысында қала бойынша бірқатар жұмыстар жасалған. Дегенмен, тұрғындардың тазалық мәселесіне немқұрайлық таныту салдарынан болса керек, көптеп-көмектеп тазартылған кейбір аумақтар қайта лас-қоқыс алаңына айналып отыр. Бұл жөнінде Арал қаласы бойынша арнайы құрылған мобильді топтар тарқатып өтті. 
Атап айтқанда, қала бойынша бес мөлтек ауданға белгіленген топ мүшелері аудан басшысына апта көлемінде атқарған жұмыстарының нәтижесін баяндады. Жалпы мобильді топ мүшелері арқылы атқарылған жұмыстарға келсек, апта көлемінде қала тазалығын сақтамай, белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды тастау, белгіленбеген орындарда темекі тұқылын тастау сынды деректер бойынша 9 тұрғынға сот шешімімен айыппұл салынса, 1 тұрғын сот шешімімен 1 тәуліктік қамаққа алынған. Сонымен қатар, 26 қала тұрғынына қала аумағының абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ескерту хаттамалары толтырылған.
Жиын соңында аудан әкімі мобильді топ мүшелерінің әлі де бақылауды күшейте түсу керектігін назарға салып, тазалық жұмыстарының жалғаса беретіндігін айтып, жиынды қорытты.
29 сәуір 2018 ж. 1 665 0