Тапсырмалар орындалуымен құнды
Сейсенбі күні аудан әкімі М.Оразбаевтың төрағалығымен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің және жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде бес мәселе қаралып, осы кезге дейінгі тапсырмалардың орындалу жайы пысықталды.
Мәжілісте Арал ауданының экономика салаларын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы туралы аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов баяндама жасап, қолға алынып жатқан жүйелі жұмыстармен көпшілікті таныстырды. Одан кейін, аудан бюджетінің І тоқсанындағы қаржының игерілу жайын сөз еткен аудандық қаржы бөлімінің басшысы К.Қыздарбеков үстіміздегі жылдың І тоқсанына бөлінген қаржынының игерілуінде салғырттық бар екенін айтты. Яғни, қала, кент және ауылдық округтерде бөлінген қаржы толығымен игерілмеген. Тек қана аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі ғана жоспарды орындаған. Аудан әкімі қаржыны игеруі төмен деңгейде қалған бөлім басшыларының, ауылдық округ әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алып, жауапты адамдарға міндеттелген тапсырмаларды жандандыру керектігін ескертті. Егер алдағы уақытта осындай ауданның имиджіне нұқсан келтіретіндей төмен көрсеткіштер байқалатын болса, қызметке сәйкес еместігі жөнінде шара көрілетінін де жеткізді.
Одан соң, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Жұмағұлов:
–Үстіміздегі жылдың 1-сәуірінде аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4148 бірлікті құрады. Нәтижесінде, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3376-ға жетті,–деп, өзге де атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Иә, мәжілісте биылғы жылдың 3 айында 4148 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның бүгінгі күнге 81,4 пайызы ғана жұмыс жасап тұрғаны мәлім болды. Сонымен қатар, қала, кент, ауылдық округ әкімдері кәсіпкерлік саласына жобасын ұсынған азаматтарды тікелей өздері сүйемелдеп, жобаның соңына дейін іске асуына нақты жұмыстар жүргізілмегендігі айтылды. Әрине, аудан әкімінің сөзінің жаны бар: «қаржы мемлекеттен бөлініп, бар мүмкіндікті толықтай пайдалануға жағдай жасалып отыр, енді тындырымды жұмыс жасауларыңа не кедергі?». Басшы тарапынан қойылған сұрақ көп, алайда, іс жүзінде жауап жоқ.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова биылға жылға Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары барысымен тыныстырып, аудан мектептерінің ішінде сынама тест нәтижесінде 3-рет оқу үлгірімі төменгі деңгейді көрсеткен бірқатар мектептерді атап өтті. Қазіргі күні осы олқылықтарды жою жөнінде нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын ортаға салды.
Мәжіліс соңында 2018 жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстарының орындалу барысы туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Н.Сариев хабарлама жасады:
–Облыстық қорғаныс ісері жөніндегі департаментінен келіп түскен жүктеме бойынша 122 әскерге шақыртушыларды әскер қатарына жіберуіміз қажет. Дегенмен, іс барысында көптеген кедергілер кездесуде. Нақтырақ тоқталсақ, аудан бойынша әскер қатарына шақырылғандардың көпшілігі дәрігерлік комиссиядан өтуге толық қатыспайды,–деп, оған аудан әкімдігі тарапынан қолдау қажеттігін сұрады.
Көптеген мәселе қаузалған жиында тазалық жайы да назардан тыс қалмады. Аудан әкімі айтылған сыннан нәтижеге шығармаған бөлім басшылары мен округ әкімдеріне алдағы уақытта кешірім болмайтынын айтып, тапсырма орындалуымен құнды екенін тағы бір мәрте еске салды.
Света Үсенқұлова.