Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақшылар

Сақшылар

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Батыр Бауыржан Момышұлының осы бір қанатты сөзі бүгін де Алаш азаматтарының жігерін жанып, рухын шыңдап келеді. Осындайда темірдей тәртіп пен мұқалмас намыс десе, ойымызға ең алдымен ел тыныштығының күзетінде тұрған жандар еріксіз түседі. Олар құқықтық тәртіп пен заңнаманы сақтау мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей келе жатқан маңызды орган – мамандандырылған күзет қызметі.
Н.Бақыран

Қызылорда облысы мамандандырылған күзет басқармасы полиция батальонының 8 взвод жеке құрамы аудан көлемінде 3 мемлекеттік маңызы бар нысанды күзетуде. Олар – аудандық сот, аудандық обаға қарсы күрес станциясы және стратегиялық аса маңызды Ақлақ су торабы. Осы нысандарды қырағылықпен күзетіп жүрген полиция қызметкерлері асқан жауапкершілікті сезініп, мемлекет мүддесіне залал келтірмеу мақсатында кірпік қақпай сақшылық жасап келеді.
– Қазіргі жастар өз антына адал, отансүйгіш, білімді. Олардың басты мақсаты – елге қызмет ету. Менің ұжымымдағы қызметкерлердің 90 пайызы жастардан тұрады. Олардың бойындағы осы қасиеттерді көргенде, іштей риза болып қаламын. Қызметтен тыс уақытта спортпен шұғылданып, өздерін жақсы іске жұмылдырып келеді. Аудан көлемінде өткен спорт додаларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр, – дейді батальон командирі, полиция майоры Дастан Сатыбайұлы
Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Дене шынықтырумен айналысу, спортпен машықтану – полиция қызметкерінің өмірінен ойып тұрып орын алатын нәрсе. Бүгінде өз қызметін адал атқарып, марапат биігіне көтеріліп жүрген жандар жетерлік.
– Өткен жылы біз күзететін обаға қарсы күрес станциясында болған өрт кезінде біздің қызметкерлер жедел және заң аясында қызмет етіп, маңызды құжаттар мен құралдарды дер кезінде өрт құрсауынан аман алып қалды. Сонымен, полиция сержанты Дәуренбек Жаңайбеков өткен жылы ауладағы кәріз құдығына түсіп кеткен баланы құтқарып қалды. Ол осы ерлігі үшін омырауына медаль тағып, қазақ полициясының ержүрек екендігін дәлелдеп берді. Қазіргі еліміздің басындағы ауыр кезеңде де біздің қызметкерлер жан аямай, өздеріне жүктелген міндеттерді орындап жүр, – дейді Дастан Сатыбайұлы.
Бүгінгі Қазақстан полициясы – еліміздің ішкі тәртібін сақтауда шыныққан, орасан зор тәжірибеден өткен нағыз кәсіби құрылым. Егеменді еліміздің тыныштығы үшін жауап беретін полиция қызметкері болу – үлкен мәртебе. Осынау мәртебелі мамандық иелері бүгінде ел ішінде тәртіп орнатып, халық тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген жандар.
23 маусым 2020 ж. 412 0