Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыныштық кепілі – талап пен тәртіп

Тыныштық кепілі – талап пен тәртіп

Қоғамның бірқалыпты дамып, мемлекеттің ішкі тұтастығының сақталуы тікелей полиция қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты. Тәртіп бар жерде ғана тұрақтылық болатыны айтпаса да түсінікті. Батыр тұлға Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген бір ауыз тәмсілі осы айтпақ ойымыздың жиынтығындай. Расында, іштен ірімей, ірге сөгілмей күн кешуіміз сақшылардың тынымсыз еңбегінде жатыр.
Қоғамда адам өміріне, тіпті тағдырына тікелей әсер ететін 3 мамандық бар. Олар – мұғалім, дәрігер, және полиция қызметі. Бірі – адам жанының, екіншісі – тәнінің емшісі. Ал сақшыларды тұтас қоғамның тамыршысы десек болады. Осындай абыройлы міндетті арқалаған Арал аудандық полиция бөлімі бүгінде оң көрсеткіштерімен озық шығып, қоғамдағы тәртіп бұзушылықтарды төмендеткен. Мереке қарсаңында «басты міндетіміз – тыныштық» деп білетін жандардың жетістігін тізбектеп көрдік.
Мерейлі күн қарсаңында аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрбол Әбдіразаққа арнайы барып, мерекеге құттықтауымызды білдірдік те, уақытпен санаспай істеген жұмыстарының жай-жапсарын сұрадық. Талап пен тәртіптің соңында қашан да оң нәтиже барын білеміз. Міне, бөлім бастығының бізге берген мәліметтері аудан көлемінде ауқымды істердің атқарылғанын аңғартты. Құқық бұзушылық азайған, тіпті, кей санаттағы қылмыстар атымен жоқ. Көрсеткіштің оңалуына тәжірибелі полицейлер мен салаға енгізілген жаңалықтардың әсері мол.
– Күнде өзгеріс еніп, желдің жылдамдығындай жаңарып жатқан қоғамда салалар да жаңа заманның игілігін, жаңалығын өзіне сіңіріп жатыр, – деді Нұрбол Әбдіразақ. – Себебі, болашақтың беталысы бізді «сандық жүйе» деген жаңа талапқа үйретуде. Бүгінде айналамыз цифрландыру өркениетіне еніп кетті. Осы орайда уақыттың тиімділігі және жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз де осы бағытқа дендеп еніп жатырмыз. Айталық, қазір қызметкерлер планшетпен жұмыс істейді. Сондай-ақ онша ауыр емес, орташа қылмыстар электронды тіркеледі. Бұл жұмысымызды біраз жеңілдетті десек болады, – дейді. Бүгінде планшет арқылы барлық әкімшілік құқық бұзушылық енгізіліп, жыл басынан 2000-ға жуық хаттама тіркелген.
Жаңа технология жайлы айтып қалдық. Осыған қатысты бір қызық дерек еске түсіп отыр. Ғылымы дамыған Америка елінде қылмысты анықтаудың ерекше тәсіліне тәжірибе жасалыпты. Қалай дейсіз ғой? Ірі сауда орнына ұрыны қимылы арқылы анықтайтын камера орнатқан. Бейнеаппарат ұрының тосын ісін таныса, дереу мәлімет беріп отырады. Міне, алдағы уақытта осындай бейнероботтар бұл салада  көптеп қолданылуы мүмкін.
Жылы жауып, қоғам қылмыстан тазарды дей алмаймыз. Алайда азайғанын көруге болады. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, биыл қайта қылмыс жасау деректері 37-ден 30-ға, кәмелетке толмағандармен жасал­ған қылмыс 3-тен 0-ге төмендеп отыр. Ал қарумен жасалған, отбасында болған қылмыс мүлдем тіркелмеген. Бұл біріншіден алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі. Сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шаралардың, күні-түні қойылған кезекшіліктің көрінісі.
Криминогендік ахуалдарды бақылау мен қадағалау ор­нату мақсатында аудан бойынша жауапты 3 аға учаскелік полиция инспекторы тағайындалып, соның нәтижеснде кезекшілікте жалпы 103 қылмыс құрықталып, өткен жыл­мен салыстырғанда 17 пайызға азайған. Жалпылама айт­қанда, өткен жылдың 6 айымен және бүгінгі күнмен қыл­мыстарды салыстырғанда 156-тан 142-ге төмендеп отыр.
Нұрбол Әбдіразақ «жұмыстың жеңілі жоқ шығар, бірақ жауапкершілік бәрінен жоғары тұруы керек» дейді. Себебі, сақшылардың жұмысы қоғамдағы құқықбұзушылықтың көрсеткішімен өлшенеді. Әр полицей өз мамандығына адалдық танытса, қоғамның көзқарасы да дұрыс болады.
– Қызметкерлеріміз біліктілігін арттырып, тәжірибесін толыстырып жүреді. Еңбек еткеннің ісі еш кетпейді. Үнемі үздіктерді марапаттап, мерейін өсіріп отырамыз. Тек қала емес, алыс ауыл, шалғай елді мекендегі қызметкерлеріміздің табанды тірлігі көпке үлгі болса дейміз. Олардың күн-түн демей сабылып жасаған жұмысын біз, жалпы қоғам білуі керек деп есептеймін, – дейді.
Шынында полиция – шым-шытырығы көп, тәуекелі басым қызмет. Антына адал жандар қылмыспен бет­пе-бет келгенде сабыр мен төзімді серік ете білуі ке­рек. Тұрғындармен тілдесіп, байланыс орнатқанда сыпайы­лық­тың «шекарасын» сақтай алуы қажет. Бұл салада сал­қынқандылық ғана ұшпаққа шығарады. Сондықтан сақшы болу заң бұзғанға темірдей, жәбірленуші мен қарапайым азаматқа жібектей болуды үйретеді. Олардың елге деген осы қызметі абырой биігіне көтермек.
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ
24 маусым 2019 ж. 828 0